
Бокстан Түркияның Стамбул қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Алуа Балқыбекова финалға жолдама алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
48 келі салмақта сынға түсетін Алуа жартылай финалда болгариялық Севда Асеновамен жұдырықтасты.
Бірінші раундта Балқыбекованың сериялы соққыларына шыдамаған Асенова кездесуден бас тартып, жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.
"Бұлай болады деп ойламадым. Қарсыласымды зерттедім. Дайындалдым. Қуаныштымын. Енді финалда түркиялық спортшыға қарсы шығамын. Оны бұрын жеңген болатынмын", - деді Алуа бокс федерациясына берген сұхбатында.
48 келідегі финалдық кездесу 20 мамыр күні өтеді. Алуа Балқыбекова түркиялық Айзе Чагирирге қарсы шығып, әлем чемпионатының алтынын сарапқа салады.
Ал Жайна Шекербекова әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1969935-bulai-bolady-dep-kutpedim-alua-balqybekova-qarsylasyn-texnikalyq-nokautpen-zenip-finalga-syqty/