Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ашуға ерік берген секілдімін": Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікпен болған жанжалға қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Бибісара Асаубаева
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында әріптесі Жансая Әбдімәлікпен болған жанжалға түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, Үндістандағы Гран-при жарысында болып жатқан бейберекетсіздікті көбелек эффектісіне теңеуге болады.

"Жағадан серпілген қанаттан пайда болған Цунами қарсы жағадағы бізді жауып қалды. Кеше мен тілге тиек еткен бір жағдай енді не істеуіміз керектігін түсіне алмайтындай салдарға әкеліп отыр.

Кеше мен ашуға ерік берген секілдімін (ол үшін өзіме тиесілі хейттер легін алып үлгердім). Сөз жоқ, суық сананың алдында жүретін эмоциялар да бірқатар дүниені бүлдіруі ықтимал. Бұл барлығымызға сабақ болсын. Шахматшыға бірнеше қадамды алдын ала ойлау қажет - әсіресе өмірде сондай қабілеттің болғаны жақсы. Себебі өмірдегі қателіктің бағасы шахмат тақтасына қарағанда әлдеқайда жоғары. Қателік кетсе, мойындауға дайынмын", - деді ол.

Осы орайда шахматшы бұндай жағдайдың қайталанбауын қалайтынын жеткізді.

"Қазіргі кезде мен бір ғана нәрсені қалаймын: Нью-Делиде болып жатқан жағдай еш жерде болмаса екен. Жарысты немқұрайлы ұйымдастыру да, ұйқы қанбау да, көз жасы да, жанжал да, жалған үміт сыйлайтын уәделер де болмаса екен.

Жай ғана ойнап, рекордтар орнатып, еліміздің абыройын асқақтатып, жақындарымды қуантқым ғана келеді. Біз бұл жерге сол үшін келген сияқты едік қой. Бізге сондай мүмкіндік сыйлайды деп үміттенемін.

Қасиетті Рамазан айында ойыңның таза, ниетіңнің ақ болғаны маңызды. Кейбір жандардың намысына тиіпп кетсем, кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған емес. Құрметке лайық адам жетсін!" - деді Бибісара Асаубаева.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның үздік шахматшылары Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік әлеуметтік желіде сөзге келіп қалғанын жазған едік. Екі спортшының жанжалына Жансаяның Делидегі турнирге қатыспай, кетіп қалғаны себеп болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2014151-bibisara-asaubaeva-zansaya-abdimalikpen-bolgan-zanzal-turaly-asuga-erik-bergen-sekildimin/

pixel