Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тарихи жетістік": стенд атудан әлем кубогінде Қазақстан командасы топ жарды

Опубликовано:

Әсем Орынбай жарыс кезінде
Әсем Орынбай. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Стенд атудан Алматыда өткен әлем кубогі Қазақстан командасы тарихи нәтиже тіркеді. Сергей Колос жаттықтыратын спортшылар жалпы есепте бірінші орын иеленген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы облысында өткен әлем кубогі кезеңінде қазақстандық спортшылар жарқын жеңістерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов жұбы "трап/микс" жаттығуында чемпион атанса, "скит" жаттығуы бойынша Әсем Орынбай алтын медаль иеленді. Сондай-ақ Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұбы "скит/микс" жаттығуы бойынша екінші орыннан көрінді.

Осы орайда, команда бас бапкері Сергей Колос бұл тарихи нәтижеге тоқталып, олимпиадалық лицензияға қатысты ойын бөлісті.

"Өз жерімізде өткен әлем кубогі кезеңіне әлемнің 42 мемлекетінен 350-ден аса спортшы қатысты. Яғни, Александр Асанов атындағы атқыштар клубы аталған спорт түрі бойынша әлемдегі үздік атлеттердің 80 пайызын жинады. Себебі біздегі әлем кубогі рейтингілік турнир саналады. Осы арқылы спортшылар ISSF кестесінде маңызды ұпайлар жинап, Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына лицензия алу мүмкіндігін иеленбек. Ендеше, біздің спортшылардың 2 алтын, 1 күміс иеленгені үлкен жетістік", - дейді бас бапкер.

Қазақстан командасы стенд атудан бірнеше әлем кубогі кезеңдерінде бақ сынап, жартылай финалға дейін жеткен сәттер болды. Ал биылғы жылдың ең маңызды додасы - әлем чемпионаты, Азия біріншілігі және Қытайда өтетін Азия ойындары.

"Әйелдер арасынан Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина мен Мария Дмитриенколарды ерекше атап өткім келеді. Ерлер арасында Викторя Хасянов, Әлішер Асылбаев, Владислав Мухамедиев пен Эдуард Ещенконың еңбегі зор. Алдағы Азия ойындарында олимпиадалық лицензиялар ойнатылмайды. Бұл жарысты Азия құрлығының кішігірім Олимпиадасы деп атасақ та болады. Сондықтан Қытайда екі медаль алуды жоспарлап отырмыз", - дейді Сергей Колос.

Команда басшыларының айтуынша, өз жерімізде жоғары нәтиже көрсету спортшыларға үлкен сенім сыйлайды.

"Биыл Бакуде лицензиялық Азия чемпионаты өтеді. Сол сынға тыңғылықты дайындалып, жақсы нәтиже көрсетсек дейміз. Ал Олимпиадаға келер болсақ, Токиода біздің екі спортшымыз - Зоя Кравченко мен Әсем Орынбай сынға түсті. Бұған дейінгі төртжылдық додаларында бір спортшымыз ғана бақ сынайтын. Қазір стенд атуға деген еліміздегі көзқарас өзгерді. Мектептер көбейді. Астана, Алматы және Шымкенттегі дамыту орталықтары мықты саналады. Егер адамдар стенд атумен көптеп шұғылдана бастаса, біздің де мүмкіншілігіміз артады", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2023451-tarixi-zetistik-stend-atudan-alem-kuboginde-qazaqstan-komandasy-top-zardy/