Дзюдодан жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Абиба Әбужақынова Ханчжоудағы жүлдесін жақында қаза тапқан құрбысының рухына арнайтынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Абибаның айтуынша, марқұм Тоғжан оның өмірдегі жалғыз құрбысы болған.
"Тоғжан екеуміз интернатта бірге оқыдық. Менің өмірдегі жалғыз жан құрбым еді. Ол спортпен қоштасып, бапкерлік қызметке кірісіп кеткен. Жақында Қызылорда жақта жол апатынан көз жұмды.
Тоғжан жайлы қаралы хабарды естігенде мен Парижде оқу-жаттығу жиындарында жүр едім. Жаназасына бара алмадым. Жақында қырқын өткіздік. Соған қатысып, Азия ойындарына жол жүріп кеттім.
Мені көрсе, туыстарының көңілі босап кетеді. Егіз қозыдай едік. Сегіз жыл бойы бірге тұрдық. Өмірден тым жас кеткені жаныма батады", - деді Абиба.
Айта кетелік, Абиба Әбужақынова 48 келі салмақта Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ол қазақ қыздары арасында әлем чемпионатынан жүлде алған тұңғыш спортшы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2038008-qyrqyn-otkizdik-zan-qurbysy-omirden-otken-abiba-abuzaqynova-koz-zasyna-erik-berdi-video/