Дзюдодан Азия ойындарының күміс жүлдегері Абиба Әбужақынова өзінің ипотекаға үй алғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"2022 жылы әлем чемпионатынан жүлде алғанда Атырау облысынан пәтер берді. Бірақ ол үй әлі толық біткен жоқ.
Өзім Алматыдан пәтер алдым. Айына 300 мың теңге ипотекаға төлеймін. Пәтерге үлкен жөндеу жұмыстары керек. Толық жөнделмеген. Оны жөндеп кіруге әзірге мүмкіндік болмай тұр.
Ата-анам Шымкентте тұрады. Өзім жарыста жүремін үнемі.
Мемлекеттен қолдау жоқ деп айтпаймын. Барынша қолдап жатыр. Бірақ боксшылар секілді қомақты сыйақыны көргеніміз жоқ.
Менің бар ойым - әлемдік жарыстарда еліме жүлде салу. Париж Олимпиадасы жақындап қалды. Сондықтан толассыз жаттыға беремін", - деді Абиба.
Айта кетелік, Абиба Әбужақынова дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы. Ол сондай-ақ әлемдік Grand Slam турнирлері мен Азия чемпионаттарында жүлдегер атанған.
Жазғы Азия ойындарында ол күміс медаль жеңіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2038190-ipotekaga-aiyna-300-myn-tenge-toleimin-abiba-abuzaqynova-ali-kunge-deiin-oz-uiine-kose-almai-zurgenin-aitty/