Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сүйінші сұрағанда, бір жылап алдым": Азия ойындарында жеңіске жеткен Әсем Орынбайдың анасы халыққа алғысын айтты

Опубликовано:

Әсем Орынбай, жазғы Азиада чемпионы
Әсем Орынбай. Фото: Тұрар Қазанғапов

Жазғы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медальді стенд атудан Қазақстан әйелдер құрамасы сыйлады. Олардың қатарында құрама үздігі Әсем Орынбай да бар. KAZ.NUR.KZ тілшісі Әсемнің анасы, ардагер ұстаз Әлия Метербаевамен хабарласып, чемпионның анасымен сұхбат құрды.

"Қызымның командалық сында алтын алғанын сабақ үстінде естідім. Өзім ағылшын тілінің мұғалімімін. 35 жылдық еңбек өтілім бар. Келінім сүйінші сұрап, ақжолтай жаңалықты телефоннан жеткізді. Екеуміз бір жылап алдық. Содан соң бүкіл ауыл, тума-туыс, мектеп ұжымынан құттықтау түсіп жатыр. Мен жұмыс істейтін мектепте Әсемнің өзі оқыған. Барлық мұғалімнің қуанышында шек жоқ. Ал қола медаль алғанын жаңа ғана желіден көрдім. Қызымның талай жылғы еңбегі ақталғанына шүкірлік етемін. Ол өте еңбекқор қыз", - дейді чемпионның анасы.

Әлия Ақайдарқызының айтуынша, Әсем - егіздің сыңары. Ол кішкентайынан ұқыптылығымен және еңбекқорлығымен көзге түскен.

"Алла берген үш баламыз бар. Әсем - егіздің сыңары. Әсет атты сыңары мен үлкен ағасы бар. Баршамыз бұл жетістікке қуанып, әлі өзімізге келе алмай отырмыз. Қызымның ең мықты қасиеті - еңбекқорлығы. Содан соң, өте әділ жан. Бауырмал. Жан-жағына мейірімін шашып жүреді. Жауапкершілігі мол. Осы жеңістің барлығына ол еңбегі мен жауапкершілігінің арқасында жетіп жатыр", - дейді анасы.

Әсем Орынбай Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында туып-өскен. Спортқа ол қатарластарынан әлдеқайда кеш барды.

"Әсемнің стенд атуға қызығушылығы 8-сыныпта басталды. Алғашында бапкерлер оның тым кеш келгенін айтып, үйірмеге алғысы келмеген. Бірақ қызым өзінің ептілігін көрсетіп, тез үйреніп алды. Міне, содан кейін ұлттық құрамаға ілігіп, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Биыл әлем кубогінде топ жарды. Азия ойындарынан екі жүлде еншілеп отыр. Біз Әсемді мүлде көрмейміз десем де болады. Үнемі жаттығу жиындарында, жарыста жүреді. Жыл он екі айда қызымды отыз күн көремін бе, жоқ па, білмеймін. Сол еңбегі зая кетпей, жүлде алғанына ризамын. Біз қашан да оған ақ жол тілеп, үйде тақым қысым отырамыз", - дейді Әлия ана.

Чемпионды дүниеге әкелген Әлия ана Әсемнің құрметіне дастархан жаятынын айтып, барлық жанкүйерге алғысын айтты.

"Қазір әкесі іссапарда жүр. Сол кісі келген соң, барлық тума-туыс, ағайынның басын қосып, үйде дастархан жаямыз. Оған дейін Әсемнің өзі де келіп қалар. Қатты толқып отырмын. Құттықтап жатқан, қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысым шексіз", - деді ол.

Еске сала кетейік, жазғы Азия ойындарында Әсем Орынбай стенд атудан командалық сында алтын, жекелей сында қола медаль жеңіп алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2038360-suiinsi-suraganda-bir-zylap-aldym-aziya-oiyndarynda-zeniske-zetken-asem-orynbaidyn-anasy-xalyqqa-algysyn-aitty/

pixel