Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында әйелдер арасында велоспорттан топтық жарыс өтті. Бұл сайыста қазақстандық велошабандоздар жүлдесіз қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әйелдер арасынағы топтық жарыста ұлттық құрама спортшысы Рината Сұлтанова мәреге 17-ші (3:36:07 секунд), ал Махаббат Үмітжанова 18-ші (3:36:07 секунд) болып келді.
Мәреге 20 велошабандоз бірдей жетіп, жүлдегерлер фотофиништің көмегімен анықталды. Ян Цяньюй Гонконгқа алтын сыйласа (3:36:07), тас жолдағы велоспорттан Азиаданың 3 дүркін чемпионы, Азия чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы, басты фаворит На А Рым (Оңтүстік Корея) күміс, Ютатип Манипхан (Таиланд) қола жүлдегер атанды.
Финалда барлығы 28 атлет 139,7 шақырымды жүріп өтті.
Айта кетейік, кеше Рината Сұлтанова жекелей сында 3-орын алған. Осылайша, ол сары құрлық ойындарында тас жолдағы жарыста әйелдер арасында жүлде алған тұңғыш қазақстандық атанған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2039504-aziada-2023-otandyq-velosabandozdar-toptyq-zarysta-zuldesiz-qaldy/