Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында WKF каратэден Ұлттық құрама спортшысы Данияр Юлдашев күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
84 кг дейінгі салмақтағы алтын медальға Данияр Юлдашев пен Мұхаммад Ариф Афифуд бин әл-Малик таласты. Тартысқа толық жекпе-жекте Малайзия спортшысы басым түсті.
Қазақстандық спортшы бүгін татамиге 3 рет шықты. Әуелі іріктеуде Теерапаттан (Таиланд), сосын ширек финалда Тайбэй атлеті Вэй Чен Удан, жартылай финалда Иордания өкілі Мұхаммед әл-Жафариден басым түсті.
Данияр Юлдашев 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азиадада қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ ол – әлем чемпионатының қола, Премьер-лига бәсекелерінің бірнеше дүркін жүлдегері. Азия чемпионатында 2 алтын, 2 күміс пен 2 қола жүлдеге қол жеткізген.
Қазақстан делегациясының қоржынында барлығы 73 медаль, оның ішінде 9 алтын, 20 күміс пен 44 қола бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2040006-aziya-oiyndarynda-karateden-daniyar-yuldasev-kumis-medal-zenip-aldy/