Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тарихи сәт: Қазақстандық қос қаратэші әлем чемпионатының финалына шықты

Опубликовано:

Қайсар Алпысбай жарыста
Қайсар Алпысбай жарыста. Фото: Olympic.kz/Сали Сабиров

Қазақстандық каратэшілер Қайсар Алпысбай (60 келі) мен Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.

Қайсар Алпысбай кумите бағдарламасында жартылай финалда әлем чемпионы Анджело Крешенцоны (Италия) 5-1 есебімен басым түсті. Енді отандасымыз алтын медаль үшін ақтық сында грекиялық Христос-Стефанос Ксеноспен күш сынасады.

Айта кетейік, Қайсар WKF каратэден әлем рейтингінде 7-орында тұр. Ол – премьер-лига санатындағы бәсекеде үш мәрте топ жарған. Қазақстандық спортшы биылғы Азия чемпионы және Ханчжоуда өткен Азиаданың жеңімпазы болды.

Ал Мөлдір әлем рейтингінің көшбасшысы Венесуэла каратэшісін айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасады. Отандасымыз жуырда ғана Азия ойындарынан елге күміс жүлдемен оралған еді.

Мөлдір Жаңбырбай Олимпиада қарсаңында жеке бапкерінің өмірден өткенін айтты
Мөлдір Жаңбырбай. Фото: olympic.kz

Сондай-ақ жексенбі күні Дидар Әмірәлі (67 кг) мен Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль үшін таласады.

"Бұл біздің еліміз үшін тарихи сәт! Алғаш рет екі спортшымыз әлем чемпионатының финалында. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз - 2008 жылғы Дархан Асаділовтің күміс медалі еді. Екі финалмен қоса екі қола үшін жекпе-жек күтіп тұр. Жалпы ересектер арасында бізден WKF каратэден әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар. Сәтін салып, елге екі алтынмен қайтуға барымызды саламыз", - деді ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарған Асқар Молдағали.

Айта кетейік, WKF каратэден ұлттық құрама XIX жазғы Азия ойындарына 8 спортшы апарып, бәрі жүлдеге ие болды (3 алтын, 3 күміс, 2 қола). Сондай-ақ биыл Азия чемпионатында алғаш рет жалпы есепте топ жарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2042532-tarixi-sat-qazaqstandyq-qos-qaratesi-alem-cempionatynyn-finalyna-syqty/

pixel