Аударыспақ ұлттық ойынынан бірнеше мәрте чемпион атанған Нұржан Еркінұлы мен Нұрталап Кəрім егіз қозыдай бірге өскен. Қос палуан жауынгерлік өнерде топ жарып жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Екі спортшы да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылының тумасы. Олар Ақтөбедегі ат спорты мектебінде күнделікті жаттығу өткізеді. Жас спортшылар ептілік пен төзімділікке машықтанып алған. Айтуларынша, ауылдың әр баласы ұлттық спорттың бұл түріне қатты қызығады.
“Ата-анам 2-3 жасымнан атқа мінгізген. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргеннен көкпарға қызығушылығым артты. Ағаларыма еріп, аударыспаққа шықтым. Əкем жылқышы, бала кезден жылқының етін жеп, қымызын ішіп өстік. Ауылда мықты балалар жетеді, тек дайындалатын жер керек. Мықты чемпиондар ауылдан шығатынын дәлелдей береміз. Ауыл балалары әсіресе ұлттық спорт түрлеріне қатты қызығады. Ауылда мені Ерболат Серіков есімді азамат жаттықтырды. Қалаға келгеннен кейін Нұрлан Додай ағамыз жауынгерлік өнерге баптап жүр. Əр жарысқа үш-төрт ай бұрын дайындаламыз. Ат пен адам түсінісу керек, ат жұмыс істемесе сен ештеңе істей алмайсың”, – деді палуан Нұржан Еркінұлы.
18 жастағы спортшы көпбалалы отбасынан шыққан. Алты баланың үлкені. Ол өткен жылы көршілес қырғыз елінде өткен тартысты додада ел намысын қорғап, аударыспақтан әлем чемпионы болды. Ақтөбедегі болашақ колледжінің дене шынықтыру пəні бойынша үшінші курс студенті. Досы Нұрталап Кəрім де аударыспақтан ел чемпионы. Қос палуан түске дейін сабаққа қатысып, түстен кейін күнделікті жаттығуға келуді əдетке айналдырған.
"Біз бірге чемпион болдық, бірге жарысқа шықтық. Екеуміз де бір ауылданбыз, мектепте қатар оқыдық. Кішкентайдан атқа мініп өстік. Екі жылдан бері осы ұлттық спорт мектебіне жазылып, тұрақты айналысып жүрміз. Өткен жылы 57 келі салмақта екі рет ел чемпионы болдым. Қазір алдағы жарыстарға дайындық жүріп жатыр. Сабақтан кейін күнделікті осында келемін. Атқа мінгеннен еш шаршамайсың, күш береді", – деді палуан Нұрталап Кəрім.
Спортшы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дене шынықтыру жəне спорт мамандығының екінші курсында оқып жүр.
"Екі палуанымыз да Ырғыз ауданынан. Бала кезден атқа мініп үйренген жігіттер. Бірақ ауылда болғанда жарыстарға шықпаған. Біздің мектепке ауысқаннан бері бір жылдың ішінде үзбей жаттықты. Нәтижесінде 2023 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатынан екеуі де өз салмақтарында чемпион болды. Қырғызстанда өткен ересектер арасындағы аударыспақтан Нұржан бірінші орын алды. Əлі де тоқтап қалған жоқпыз. Жаттығу тұрақты жүріп жатыр. Жалпы қазақ баласының атқа қонуы таңсық емес. Сондықтан спорттың бұл түріне əр баласының икемі келіп тұрады. Аударыспақтан чемпиондарымыз аз емес", – деді жаттықтырушы Нұрлан Додай.
Авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2060303-cempiondar-auyldan-sygatynyn-daleldeimiz-audaryspaq-oiynynyn-zenimpazdary-ulttyq-sportty-dariptep-zur/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.