Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәшкенбай, Рыбакина және Бекбауов: қазақстандық спортшылардың өткен аптадағы жарқын жеңісі

Опубликовано:

Дулат Бекбауов
Дулат Бекбауов. Фото: kfb.kz

Өткен аптада боксшылар, теннисшілер және өзге де қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Теннис

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина. Фото: Mark Brake/Getty Images

Әйелдер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина БАӘ-де өткен Abu Dhabi Open-2024 турнирінде чемпион атанды. Отандасымыз WTA 500 санатындағы бәсекенің финалында Дарья Касаткинамен кездесіп, екі сетке жалғасқан бәсекеде қарсыласынан 6:1, 6:4 есебімен басым түсті. Осылайша, Елена биылғы екінші жүлдесіне қол жеткізді. Осыған дейін ол Брисбендегі турнирде қарсылас шақ келтірмеген.

Ауыр атлетика

Өзбекстан астанасы Ташкентте ұйымдастырылған ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары екі медаль жеңіп алды. Ерлер арасында 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сайрамкез Ақмолда мен 81 келідегі Александр Уваров сары құрлықтың күміс жүлдегері атанды. Сайрамкез Ақмолда жұлқа көтеруде – 126, серпе көтеруде 166 келіні еңсеріп, қос жаттығудың қорытындысында 292 келі көрсеткішпен 2-орынға табан тіресе, Александр Уваров жұлқа көтеруде – 153, серпе көтеруде 190 келімен (343 кг) тұғырдың екінші сатысына тұрақтады. Ташкенттегі Азия чемпионатында Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпайлар сарапқа салынды. Жарысқа 34 елден 192 атлет қатысты.

Бокс

Санжар Тәшкенбай
Санжар Тәшкенбай. Фото: kazsports.kz

Ұлттық құрама боксшылары Болгария астанасы Софияда аяқталған Странджа Кубогінде 3 медаль жеңіп алды. Былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов (67 кг) аталған турнирдің финалында үндістандық Раджатты жеңіп, жарыс жеңімпазы атанса, Санжар Ташкенбай (51 кг) үндістандық Амитке (Үндістан) есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Ал Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Ол жартылай финалда Тоқтарбек Таңатханға (Қытай) есе жіберді.

Конькимен жүгіру

Жапонияның Хатинохе қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы конькимен жүгіруден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 медаль олжалады. Командалық спринтте Ұлттық құрама спортшылары күміс жүлдеге (1:31.28) ие болса, командалық жарыста жерлестеріміз Жапония мен Нидерланд командасынан кейінгі үшінші сатыға тұрақтап, қола жүлдегер атанды.

Шорт-трек

Германияның Дрезден қаласында өтіп жатқан шорт-тректен Әлем кубогінің бесінші кезеңінде Әділ Ғалиахметов 1000 метр қашықтықтың финалында бақ сынап, мәреге үшінші болып келді. Алтын және күміс медальді сәйкесінше Оңтүстік Корея спортшылары Пак Дживон мен Чан Сунву иеленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2060437-taskenbai-rybakina-zane-bekbauov-qazaqstandyq-sportsylardyn-otken-aptadagy-zarqyn-zenisi/