Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

19 жастағы қыз түйе мініп, жамбы атудан Гиннес рекордтар кітабына енді

Жарияланған күні:

Аружан Амангелдіқызы
Аружан Амангелдіқызы. Фото: instagram/top_zhargan

19 жастағы Аружан Амангелдіқызы Қазақстанда тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

2023 жылдың 4 қазанында "Топжарған" этно-мәдени орталығының ұйымдастырылуымен жамбы ату сайысы өтті. Сол жарыста Таңатов Ғабит Бердібайұлының шәкірті Миравилдаева Аружан Амангелдіқызы Қазақстанда тұңғыш рет түйенің үстіне отырып 100 метрді, 12 секундта бағындырып, арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысананы көздеп жамбы (садақ) атып, рекорд орнатты.

19 жастағы Аружан Амангелдіқызы Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы. Қазір Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша білім алып жүр.

Спортшы түйе үстінде отырып жамбы ату идеясы қалай келгенін айтты.

– Университетте оқып жүргенде маған "Топжарған" этно-өнер орталығының басшысы хабарласып,  атқа мінетін қыздар керек деді. Сонымен қатар аталған орталыққа жұмысқа шақырды. Мен өзімнің сүйікті ісіммен айналысатын болған соң, бірден келістім. Кейін 2023 жылдың жаз айында біз Шымкенттегі Созақ ауданынан екі асау түйе алып келдік. Ол түйелерді үйрету керек болған соң, ауылдан өзімнің атамды шақырттым. Атам олардың мұрындығын салып, оны қалай үйрету керектігін көрсетті.

Кейіннен сол орталықтағы шабандоздар болып екі түйені мініп, үйретіп алдық. Есесіне сол уақыт аралығында мен садақ атуды да үйреніп, жамбы атып жүрдім. Ептілігімді байқаған орталық басшысы  Ғабит Таңатов маған түйе мініп, садақ атуды байқап көр деді. Кейін жаттықтырушыма осы ешкім жасамаған трюкті Гиннестің рекордтар кітабына ұсыну туралы ой келді", – деді Аружан Амангелдіқызы тілшіге берген сұхбатында.

Жас спортшы жамбы атудың басқа спорт түрлерінен басты артықшылығын айтты.

– Жамбы ату – атқа міну мен садақ атуды біріктіріп тұрған спорт. Жамбы атумен ғана айналысып, бірден екі спортпен шұғылдана аласыз. Мысалы атқа мінгенде барлық бұлшықетіміз қимылдайды. Ол денсаулықтың мықты болуына әсер етеді. Ал осыған садақ атуды қосқанда, көру қабілетіміз де шыңдала түседі.

Қазақстанда жамбы ату спортына қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?

– Жамбы атуға өте жақсы көңіл бөлініп жатыр. Мысалы осыған дейін ерлер мен әйелдер бірге жарысатын. Яғни әйелдердің жеке сыны болған жоқ еді. Ал енді әйелдер мен ер адамдар бөлек жарысатын болды. Сонымен қатар жас ерекшелігіне қарай да бөлінеді. Бұл осы спортқа қызығатын адамдардың санынын көбейгендігі деп білемін.

Атпен және түйемен жамбы атудың айырмашылығы қандай?

– Атпен жамбы ату үйреншікті іс сияқты. Себебі атқа отыра алатын адам өзін нық ұстай алады. Сонымен қатар ат бірқалыпты шабады. Тепе-теңдік ұстау оңай. Ал түйемен жамбы ату қиынырақ. Түйе желгенде аттағыдай жамбы ату мүмкін болмайды. Сол себепті дәлдеу қиын, – деді Аружан.

Ат үстінен садақ ату — әлемнің көптеген елдерінде кең тараған мергендік өнердің бірі. Жамбы ату спортымен шұғылданған бала ең алдымен салауатты өмір салтын ұстанған денсаулығы мықты, дене бітімі келісті азамат болып өседі. Атқа жиі міну баланың бұлшық еттерін жақсы жетілдіріп, тез тепе-теңдік сақтауға, шапшаңдыққа, қолмергендікке бейім болады. Осы ұлттық спорт түрімен ұзақ жылдар бойы айналысуға, республикалық, әлемдік деңгейдегі чемпиондық атақтарға қол жеткізу мүмкіндіктеріне ие болады.

2013 жылы жамбы ату федерациясы құрылған еді. Ал 2016 жылы акредиттеуден өтіп, Ұлттық Олимпиадалық комитетінің арнайы сертификатын алды. 2017, 2018 жылдары Астана қаласында екі рет "Алтын жебе" халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Бұл жарысқа әлемнің 11 мемлекетінің мергендері қатысты. Ал 2019 жылы Астанада "Алтын жебе" Әлем чемпионаты өтті. Қазіргі таңда Жамбы атудың тұрақты ережесі бекітіліп, жыл сайын республикалық біріншіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Қазір елімізде 600-жуық кәсіби спортшы бар. Сонымен қатар халықаралық тәжірибесі бар 35 бапкер, жоғары санаттағы 15 төреші мен республика бойынша 18 секция бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2063693-19-zastagy-qyz-tuie-minip-zamby-atudan-ginnes-rekordtar-kitabyna-endi/