Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кабинет жоқ, мамандар аз": тоғызқұмалақ федерациясының төрешілік директоры ұлттық ойынның жай-күйін айтып берді

Опубликовано:

Сәбит Сапарбеков
Тоғызқұмалақтан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Фото: instagram.com/sabit.saparbekov

Биыл елімізде Наурыз жаңа форматта тойлана бастады. 10 күнге созылатын Наурызнамаға сәйкес, 20 наурыз Ұлттық спорт күні деп белгіленді. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі терең ойды талап ететін ұлттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ спорты федерациясының төрешілік директоры, жоғары дәрежелі ұлттық төреші Cәбит Сапарбековпен тілдесіп, ұлттық ойынға елімізде қаншалықты көңіл бөлінетінін сұрады.

– Жалпы елімізде тоғызқұмалаққа қызығатындар көп пе? Оған қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Тоғызқұмалаққа қызығушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Әсіресе жасөспірім оқушылардың қызығушылығы жоғары. Мемлекет тарапынан жақсы көңіл бөлініп жүр. Барлық облыс пен қалалардағы спорт мектептерінде тоғызқұмалақ спорты бар. Тұрақты түрде ел чемпионаттары, кешенді жарыстар, ұлттық спорт түрлерінен фестивальдер өтіп тұрады.

тоғызқұмалақ
Тоғызқұмалақ ойыны. Фото: instagram.com/sabit.saparbekov

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде көп қаржыны кажет етпейтін спорттің бірі тоғызқұмалақ екенін айтып, сондай спорт түрлерін дамытқан жөн деді. Ондай болса үйірмелерді еліміздің әр мектебінен ашуға не кедергі?

– Иә, өткен жылы президентіміз көп қаржыны қажет етпейтін спорт түрлеріне көңіл бөлу керек деді, оның ішінде тоғызқұмалақты нақты атап өткен болатын. Қазір көп мектепте тоғызқұмалақ үйірмелері бар. Ал кей мектептерде кабинет жетіспеуіне және тоғызқұмалақ мамандарынын аздығына байланысты тоғызқұмалақ үйірмелері дұрыс дамымай келеді.

тоғызқұмалақ
Тоғызқұмалақ ойыны. Фото: Instagram.com/sabit.saparbekov

– Ал тоғызқұмалақтан халықаралық жарыстар болып тұра ма? Қай елдердің өкілдері қызығушылық танытып жүр?

– Тоғызқұмалақтан тұрақты түрде Әлем, Азия чемпионаттары, Әлем кубогы, Азия Кубогы деген сияқты жарыстар өтіп тұрады. Құдай қаласа, биыл Түркия елінде күзде Әлем чемпионаты өтеді. Қыркүйек айында Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындары болады. Сол көшпенділер ойынының бағдарламасына тоғызқұмалақ кірді.

Көрші Қырғызстан, Моңғолия елдерінде және Еуропаның бірнеше елінде де халықаралық турнирлер өтіп тұрады. 2023 жылы Алматы қаласында оқушылар арасында Әлем чемпионаты өткен болатын. Ол жарысқа әлемнің 17 елінен 200-ден аса спортшы қатысты. Еуропаның көптеген елі, Азия елдері, Оңтүстік Америка елдері тоғызқұмалаққа қызығып келеді. Жылда ұлттық мерекеміз Наурыз қарсаңында еліміздің барлық өңірінде ұлттық спортымыз тоғызқұмалақтан жарыстар өтіп тұрады.

Сәбит Сапарбеков
Сәбит Сапарбеков. Фото: instagram.com/sabit.saparbekov

– Өзіңіз жақында Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының төрешілік директоры болып сайландыңыз. Осы ұлттық спортты дамытуға қандай жоспар құрып отырсыз?

– Иә, жақында Қазақстанның тоғызқұмалақ федерациясының төрешілік директоры болып сайландым. Алда атқаратын жұмыстар көп. Жарысымыздың тәртіпті, даусыз жақсы өтуіне төрешілердің тікелей қатысы болады. Сол үшін біз төрешілермен көбірек жұмыс жасап, тоғызқұмалақ қағидалары мен ережелерін толықтай таныстыруымыз керек. Төрешілеріміздің деңгейін көтеруіміз керек. Жалпы жоспарлар көп. Бұйырса, алдағы уақытта бәрін жасаймыз. Басты мақсатымыз – жарыстың сапасын жоғарылатып, даулы мәселелелерді азайту.

тоғызқұмалақ
Тоғызқұмалақ. Фото: instagram.com/sabit.saparbekov

– Жалпы бұл ұлттық спорттың қандай артықшылығын атап өтер едіңіз?

– Тоғызқұмалақ баланың миын дамытып, өй-өрісін жоғарылатады. Матеметикамен салалас болғандықтан, тоғызқұмалақ ойнайтын оқушылар математика сабағынан жақсы бағалар алады. Тоғызқұмалақ есеп, логикадан бөлек, баланы сабырлық пен төзімділікке де тәрбиелейді. Баланың миын жақсы жұмыс істетеді. Сол себепті көп ата-ана балаларын осы спортқа беріп жатыр.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Жұмысыңызға толағай табыс тілейміз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2070867-kabinet-zoq-mamandar-az-togyzqumalaq-federaciyasynyn-toresilik-direktory-ulttyq-oiynnyn-zai-kuiin-aityp-berdi/

pixel