Канаданың тумасы Майкл Окафор Орал өзенінің жағалауын бекітуге көмектесіп жүр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Майкл Окафор – "Барыс Атырау" баскетбол клубының ойыншысы. Ол Атыраудағы еріктілер қатарына қосылып, су тасқынымен күресуге атсалысып жатыр. Баскетболшының айтуынша, табиғи сипаттағы қиындықтарды тек бірлік арқылы жеңуге болады.
"Су тасқыны болуы мүмкін екенін естігенде, біз командамызбен осында келдік. Қаптарға құм толтырып, су тасқынын болдырмауға тырысып жатырмыз. Қаламызды табиғи апаттан сақтап қалсақ, осы елдің тұрғыны ретіндегі борышымызды өтеген боламыз", – деді Майкл Окафор.
Еске салайық, 7 сәуірде Атырау облысында төтенше жағдай жарияланған еді.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан жасөспірімдер лигасы (QJ League) cу тасқынынан зардап шеккендерге көмектесетін болды. Сондай-ақ "Ақтөбе" футбол клубы матчтан түскен қаражатты төтенше жағдайдан жапа шеккендерге аудару туралы шешім қабылдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2082206-kanadalyq-basketbolsy-atyrauda-su-tasqynymen-kuresuge-komektesip-zur-video/