Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиевті орнынан алып тастауды ұсынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ринат Зайытов туризм, дене шынықтыру және спорт салаларын мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері туралы жиында ұлттық құраманың бас бапкері туралы айтты.
"Футбол жанкүйері ретінде өтінішім бар. Ұлттық құрамадағы бас бапкерімізге көз тиген бе, бірдеңе. "Ахматта" ойнаса да жеті гол кіргізеді, бізде ойнаса да бес гол кіргізеді. Осы кісінің біліктілігі жайлы мәселе көтеріп, ауыстыру керек сияқты", - деді Ринат Зайытов.
Айта кетейік, Магомед Адиев 2022 жылдан бері футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарып келеді. Ол биыл 5 сәуірде ресейлік "Ахмат" футбол клубына бапкер болып тағайындалды. Адиев Қазақстан құрамасы мен "Ахмат" командасындағы жұмысын қатар алып жүрмек.
Футболдан Қазақстан құрамасы наурызда Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекиядан ірі есеппен жеңіліп қалған еді. Кейін Магомед Адиевтің шәкірттері Люксембургке қарсы жолдастық кездесуде де есе жіберді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2087120-rinat-zaiytov-futboldan-qazaqstan-quramasynyn-bas-bapkerin-auystyrudy-usyndy/