Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кішкентай күнінде Месси шомылдырған": Еуро-2024 турнирінде көзге түскен 16 жастағы Ламин Ямаль туралы не белгілі

Жарияланған күні:

Лионель Месси мен сәби Ламин Ямаль
Лионель Месси мен сәби Ламин Ямаль. Фото: JOAN MONFORT - SPORT.ES

Еуро-2024 турнирі күтпеген жаңалықтар мен тосынсыйларға толы болып жатыр. Рекордтар легі де үздіксіз жаңаруда. Ал бұл біріншіліктің жаңалығы саналған Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямаль күні кеше ғана Еуропа чемпионаты тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды. Сондай-ақ әлеуметтік желіде Лионель Мессидің оны сәби кезінде жуындырып жатқан фотосы тарады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Барселона" футбол клубы мен Испания құрамасының ойыншысы Ламин Ямаль 2007 жылы 13 шілдеде Испанияның Эсплугес-де-Льобрегат аймағында дүниеге келген. Бойы 178 сантиметр.

Жақында Ламин Ямальдың әкесі әлеуметтік желіде Мессидің сәби Ламинді шомылдырып отырған фотосуретін жариялады. Бұл оқиға 2007 жылы орын алған. 2007 жылдың желтоқсанында фотограф Жоан Монтфорт осы бір сәтті суретке түсіріп алған. Ол The Athletic-ке берген сұқбатында:

"Бұл суретті түсіру өте қиын болды. Мен жақсы кадр алу үшін көп күш жұмсадым", - деген болатын.

Бұл "Барселона" футбол клубы мен Diario Sport қайырымдылық жобасына бағытталған фотосессия екен. Фотосурет 2008 жылға арналған арнайы күнтізбеде жарияланған, ал одан түскен қаражаттың негізгі көлемі Каталонияның қайырымдылық ұйымдары мен ЮНИСЕФ-ке жіберілді.

Ол уақытта "Барселона" футболшылары нәрестелермен суретке түсетін және күнтізбедегі әр ай үшін 12 ойыншы таңдалды. Сол кезде Мессиге болашақ жұлдыз Ямаль түсті.

"Месси қазір де ұялшақ, бірақ сол кезде тіпті де ұялшақ еді. Ол пластик ваннадағы сәби мен оның анасымен бірге болды. Бастапқыда ешқандай әрекет болмады, бірақ кейін бәрі біртіндеп іске аса бастады", - деп Монтфорт еске алады.

Месси мен Ямаль
Месси мен Ямаль. Фото: JOAN MONFORT - SPORT.ES

Сонымен қатар Ламин Ямаль 15 маусымда Испанияның Хорватияға қарсы ойынында негізгі құрамда алаңға шыққан еді. Осылайша Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жас футболшы атанды. Ол 16 жасының 338-күнінде Еуро додасында дебют жасады.

Ямаль өзінің оқушы екенін де ұмытқан емес. Ол Еуропа чемпионатына қатысумен қатар сабағын да оқып жүр. Жас футболшының үй жұмысын орындап отырған сәтінің видеосы Испания футбол федерациясының Youtube арнасында жарияланды.

Сондай-ақ Ламин Ямаль атақты Adidas компаниясымен 10 жылға келісімшарт жасасты. Осы келісімшарттың арқасында футболшы екі үй сатып алып, оның біреуін әжесіне, ал екіншісін ата-анасына сыйлады.

Өткен маусымда Ямаль "Барселона" сапында барлық турнирлерде 50 матчқа қатысып, 7 гол соғып, өз есебіне 10 нәтижелі пас тіркеді.

Transfermarkt порталының мәліметтері бойынша, Ямальдың трансферлік құны 90 миллион еуроға бағаланады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ламин Ямаль Еуро-2024 біріншілігінде Испания құрамасының белді ойыншысы ретінде жасындай жарқылдап, керемет ойын өрнегін көрсетіп жүр. Жартылай финалда Францияны қапыда қалдырған Ямаль бастаған испаниялықтар турнирдің ақтық сынына шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2131728-messi-shomyldyrgan-16-zhastagy-futbolshy-euro-2024-turnirining-uzdikterining-biri-lamin-iamal-turaly-derekter/