Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Париж Олимпиадасына қатысатын ең жас қазақстандық спортшы туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Батырхан Төлеуғали
Батырхан Төлеуғали. Фото: Olympic.kz

Париж Олимпиадасының басталуына да санаулы күндер қалды. Осы байрақты бәсекеге еліміздің атынан сынға түсетін ең жас спортшы – таеквондошы Батырхан Төлеуғали. Таеквондодан ұлттық құрамаға енгеніне сегіз ай да толмаған атлет төртжылдық додасында ел намысын абыроймен қорғауға бекініп отыр. Жас болса да, бұл додада көп үміт күттіріп отырған спортшы жайлы Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Бесбаев әңгімелеп берді, деп KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Көпшілік тағатсыздана күтіп отырған Париж Олимпиадасында таеквондодан 128 спортшы қатысады. Ал еліміз спорттың бұл түрінен екі жолдамаға ие болған еді. Екі лицензияда Қытайдың Тайань қаласында өткен Азия аймақтық іріктеу додасында қоржынға түсті. 

Батырхан Төлеуғали 80 кг салмақта бақ сынап, небәрі 17 жасында Олимпиада лицензиясын жеңіп алған жас атлет атанды. Сонымен қатар Батырхан Төлеуғалидің қатысқан бұл жарысы үлкен спорттағы бастапқы қадамдары болатын. Өйткені ол осыған дейін жасөспірімдер арасында қатысқан, ал ұлттық құрамаға 2023 жылдың желтоқсанында қосылды. Федерация бас хатшысы Олжас Бесбаевтың айтуынша, осындай жарыстарға жастарды қатыстыру – ұйымның басты стратегияларының бірі саналған.

"Батырхан Төлеуғали біздің құрама сапындағы ең жас спортшы. Ол 25 шілде күні 18 жасқа толады. Бұл атлетті таңдар кезде біз көп нәрсені қаперге алдық. Алдымен команданы жасарту, жастарға орын беру сынды федерацияның стратегиясы болды. Екіншіден, Батырханның әлеуеті барын біз жастар командасында жүрген кезінде-ақ байқадық. Көзінде от, кеудесінде рухы бар жігіт.  

Жазғы Азия ойындарына апарсақ деген ойымыз болған. Бірақ жастар құрамасымен жаттығу жиынында жүргендіктен, сәті түспей қалды. Одан бөлек 80 келідегі спортшыларға да мүмкіндік беруді жөн көрдік. Бұған дейін қазақстандық таеквондошылар аталған салмақта Олимпиада түгілі, іріктеу турнирлеріне де қатыспапты. Таңдау жасар кезде бапкердің ішкі сезімі де әсер етті. Қанша дегенмен, қай баланың алысқа баратынын бапкер сезеді ғой. Нұрсұлтан Мамаев пен Ким Кванг Су жас таеквондошыда үміт барын байқады.

Міне осының бәрі Олимпиадаға іріктеу сынына 17 жастағы спортшыны жіберіп, тәуекелге баруымызға себеп болды. Өйткені бұл таеквондодан ең соңғы мүмкіндік едік. Егер Тайаньда ұтылсақ, Олимпиададан сырт қалатынымыз анық. Бірақ біз Батырханға сендік, сенім алдамады. Дегенмен алда Олимпиада тұр қол бұлғап. Біз жолдың жартысына де жетпедік", - дейді бас хатшы. 

Сонымен қатар Олжас Бесбаевтың айтуынша, таеквондошы Батырхан Төлеуғалиде спортышға керек қасиеттердің бәрі де бар. Сондай-ақ таеквондошының мақсаты биік әрі нақты екенін де жеткізді.

"Біздің Батырханда бәрі бар. Бой десең – бой, ой десең – ой жетеді. 190 сантиметр бойы. Ал таеквондода бой мен аяқтың ұзындығы көп нәрсеге әсер етеді. Физикалық дайындығы да жақсы. Былтырғы желтоқсанда ұлттық құрамаға қабылданып, содан бері физикалық тұрғыдан біршама өсті. Ал оның ең басты қасиеті – батылдығы дер едім. Батырхан өте батыл, жүректі жігіт. Рухы да өте биік. Ешкімнен қорықпайды, жүрек бар. 

Батырхан туралы әлемдік қарсыластары көп ақпарат білмейді. Ірі ресми жарыстарға қатысып үлгермеді. Жас болғандықтан, Мамаев бастаған бапкерлер оның өзіндік стилін қалыптастырып жатыр. Қазір бұл іс те аяқталуға жақын, Будапештте (Венгрия) соңғы жаттығу жиыны өтеді. Содан соң – Париж. Батырханның әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз: "Тарихты өзгерту керек...", - деп жазылып тұр. Бұл жігіт соңғы бір жылда тек осы оймен өмір сүріп жатыр. Мақсаты – биік. Оны отбасы, бапкерлері, командаластары, тіпті, бүкіл қазақ елі қолдап отыр", - дейді Олжас Бесбаев. 

Айта кетейік, биыл Франция төрінде өтетін байрақты бәсеке 26 шілде мен 11 тамыз аралығында болады. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Ал төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2136597-parizh-olimpiadasyna-qatysatyn-eng-zhas-qazaqstandyq-sportshy-turaly-ne-bilesiz/