Ертең, 25 шілдеде қазақстандық спортшылар Олимпиададағы жарыс жолын бастап кетеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар арасында бірінші болып садақ атудан Қазақстанның ерлер құрамасының өкілдері бақ сынайды. Аталмыш жарыста ел намысын Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Александр Еременко қорғайды.
25 шілдеде жеке жарыстар басталады. Спортшылар рейтингтік раундтан өтуі тиіс. Осы раундтың қорытындысы бойынша жарыстың келесі кезеңі қалыптасады. Плей-офф кезеңі 30 шілдеде басталады.
Айта кетейік, көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Төртжылдықтың басты бәсекесінде ел намысын 80 спортшы қорғайды. Олар 25 спорт түрінен сынға түседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2139085-parizh-olimpiadasy-qazaqstandyq-sportshylar-bairaqty-basekedegi-zharys-zholyn-erteng-bastaidy/