Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасының медаль кестесінде үздік ондықтан шығып қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 12-орынға жайғасты. Байрақты бәсекенің бірінші күні ел қоржынына ату спортынан Александра Ле мен Ислам Сәтпаев аралас дуэтте қола жүлде салса, дзюдошы Елдос Сметов алтыннан алқа тақты. Ал келесі күні дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қолаға қол жеткізді.
Жалпы командалық есепте Жапония құрамасы 6 алтын, 2 күміс, 4 қоланы еншілеп, көш бастап келеді. Тізімнің келесі сатысына Франция құрамасы (5 алтын, 8 күміс, 3 қола) жайғасса, үздік үштікті Қытай (5 алтын, 5 күміс, 2 қола) түйіндеп тұр.
Қазақстан құрамасы 12-орынды Оңтүстік Африка мемлекетімен бөлісіп тұр. Олардың да қоржынында 1 алтын, екі қола бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2141716-olimpiada-2024-qazaqstan-quramasy-medal-kestesinde-uzdik-ondyqtan-shet-qaldy/