Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеңісімді ешкім тартып алмайды": Илья Ильин отбасымен 12 жыл бұрынғы жеңісін тойлады (видео)

Жарияланған күні:

Илья Ильин мен жұбайы
Илья Ильин мен жұбайы. Скриншот: instagram.com / ilyailyinforever

Илья Ильин Instagram желісіндегі ресми парақшасында осыдан 12 жыл бұрын Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен күнін отбасымен бірге тойлап жатқан видеосын бөлісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

2012 жылы 4 тамызда Илья Ильин ауыр атлетикадан Лондон Олимпиадасының чемпионы атанған. Алайда спортшыға допинг қолданды деген айып тағылып, 2016 жылы ол екі дүркін Олимпиада чемпионы атағынан айырылған болатын.

Бірақ Илья Ильиннің отбасы Лондонда алтын алған айтулы күнді ұмытпай, оған арнайы сыйлық жасады. Жұбайы Татьяна Гордиенко шоколадтан жасалған медаль пішініндегі тәттіні ұсынып, "сен біз үшін чемпионсың", - деді.

"12 жыл бұрын жарқын да мықты жеңіс болды. Оны менен ешкім тартып алмайды. Бұл біздің жеңісіміз болды. Менің жеңісім болды. Жақындарымның, туған-туыстарымның және еңбегімді бағалайтындардың барлығы үшін жеңіс. Шарттар барлығына бірдей болды, мен жеңіске жеттім. Бәрімізді жеңісімізбен құттықтаймын, достар. Лондон 2012", - деп жазды Илья Ильин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Илья Ильин 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған. 2016 жылдың 5 шілдесінде Лондонда топ жарған зілтеміршілер Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло чемпиондық атақтарынан айырылды.

Бірақ Илья Ильиннің төрт дүркін әлем чемпионы (2005, 2006, 2011, 2014), екі дүркін Азия ойындарының чемпионы (2006, 2010) атақтары сақталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2144578-zhengisimdi-eshkim-tartyp-almaidy-ilia-ilin-otbasymen-12-zhyl-buryngy-zhengisin-toilady-video/