Бүгін, 7 тамыз таңертең Алматы әуежайына Қазақстанның спорттық гимнастика және оқ ату құрамасының мүшелері келіп қонды. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының күміс және қола жүлдегерлері де бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматы тұрғындары мен БАҚ өкілдері спортшылар мен бапкерлерді сән-салтанатпен күтіп алды. Олардың қатарында Олимпиаданың күміс және қола жүлдегерлері Александра Ле, Ислам Сәтбаев, Нариман Құрбанов сондай-ақ Константин Малиновский, Арина Алтухова және Милад Карими бар.
Еске салайық, Александра Ле мен Ислам Сәтбаев 27 шілдеде 10 метрден нысана көздеуден аралас командалық сында бақ сынап, қола жүлде жеңіп алған еді. Бұл Париж Олимпиадасында Қазақстан қоржынына түскен алғашқы медаль болды.
Ал Нариман Құрбанов 3 тамызда тұтқалы ат жаттығуының ақтық кезеңінде 15,433 ұпай жинап, күміс медаль еншіледі. Осылайша спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарында жүлде иеленген тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.
Париж Олимпиадасында қола жүлде иеленген қазақстандық мерген Ислам Сатпаевқа және гимнастикадан тарихи жүлде жеңіп алған Наримхан Құрбановқа "Ел қорғаны" медалі табысталды. Сонымен қатар гимнастикадан Қазақстан құрамасының мүшелері Нариман Құрбанов пен Милад Каримиге тағы бір тосын сый, 1 миллион теңгелік сертификат тарту етілді.
Айта кетейік, кеше, 6 тамызда қазақстандық жанкүйерлер Алматы қаласының әуежайында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдодан Қазақстан құрамасын күтіп алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2145588-almatylyqtar-parizh-olimpiadasynda-zhulde-algan-qazaqstandyq-sportshylardy-auezhaidan-kutip-aldy/