Бүгін, 12 тамызда бокстан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай елге оралды. Осы орайда БАҚ өкілдері боксшының ата-анасынан сұқбат алды, деп KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Боксшы Назым Қызайбайдың анасы Кәмшат Ахетқызы қызының боксқа деген сүйіспеншілігін айтты.
"Қызымның жекпе-жектерін көре алмаймын, бірақ бокс біткен кезде нәтижесін естіп қуанамыз.
Жаттығуда көп жүреді. Спортта жүргеннен кейін қиын ғой. Таңертеңнен бастап кешке дейін жаттығуда болады. Басқа қыздар секілді спортты тастап кеткен жоқ. Өзінің дегеніне жетті. Тынбай жаттықты. 12-13 жасынан бастап осы спорт түрін таңдап, ақыры арманына жетті.
Қола жүлденің өзі біз үшін үлкен жетістік. Халқымыздың мәртебесін көтерді. Бәріміз қуанып жатырмыз", - деді анасы Кәмшат Ахетқызы.
Әкесі Абай Қызайбай қызының жекпе-жектерін көре бермейтінін, қызы үшін уайымдайтынын жеткізді.
"Біз бокспен айналысуына қарсы болмадық. Таңдауды өз еркіне бердік, бетін қайтармадық.
Әрине, қыз балаға оңай емес. Ол рингке шыққанда, біз теледидарға аса жақындай бермейміз. Жекпе-жегін көруге жүрегіміз шыдамайды. Бітті-ау деген кезде келеміз", - деді әкесі Абай Қызайбай.
Айта кетейік, бүгін, 12 тамызда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай елге оралды.
- Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбай елге оралды
- Олимпиада жалауы Лос-Анджелес қаласының мэріне табысталды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2147568-nazym-qyzaibaidyng-ata-anasy-qyzymyzdyng-zhekpe-zhegin-koruge-zhuregimiz-shydamaidy/