Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екі қабатты коттедж, көлік": Қырғызстан мен Өзбекстан Олимпиада жүлдегерлерін қалай қарсы алды (фото, видео)

Жарияланған күні:

Олимпиада жүлдесін еншілеген Өзбекстан спортшылары
Олимпиада жүлдесін еншілеген Өзбекстан спортшылары. Фото: nova24.uz

Париждегі жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жеткеннен кейін Қырғызстан мен Өзбекстан спортшылары өз елдеріне қайтты. Олимпиада жүлдесін еншілеген спортшыларды жұртшылықтың ерекше сән-салтанатпен күтіп алған сәтінің видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр, деп KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Кеше, 12 тамызда Ташкенттегі халықаралық әуежайда өзбекстандықтар Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларын салтанатты түрде қарсы алды. Бұл жиынға жанкүйерлер, танымал тұлғалар, БАҚ өкілдері жиналды.

Кешкі уақытта жанкүйерлер мерекелік кездесуге дайындалып, спортшыларды асыға күтті. Жергілікті уақыт бойынша сағат 21:30 шамасында әуежайға Олимпиада жеңімпаздарын алып келген ұшақ қонды.

Спортшылар делегациясы қала көшелерімен өтіп, жергілікті тұрғындар оларды қошеметпен қарсы алып, мерекелік көңіл күйді бөлісті.

Gazeta.uz басылымының мәліметінше, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды.

Алтын медаль иегерлеріне табысталған сыйлықтар:

– 200 мың АҚШ доллары;

– Tahoe көлігі;

– Екі қабатты коттедж.

Күміс медаль иегерлеріне табысталған сыйлықтар:

– 100 мың доллар;

– B5 BYD Song Plus Champion көлігі;

– Пәтер.

Қола медаль иегерлеріне табысталған сыйлықтар:

– 50 мың доллар;

– B5 BYD Song Plus Champion көлігі;

– Пәтер.

Айта кетейік, Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет 8 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 13-орынға ие болды. Бұл — Орталық Азия мен ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш, ал Азияда төртінші орынға жайғасқан Өзбекстанның спорттағы ең үздік нәтижесі болып саналады.

Сонымен қатар көршілес Қырғызстанда бүгін, 13 тамызда Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшылар елге оралды. Бішкектегі "Манас" халықаралық әуежайында спортшыларды жанкүйерлері, жақындары, БАҚ өкілдері күтіп алды.

Елге оралған Олимпиада жүлдегерлерін Орталық алаңда жанкүйерлер, БАҚ өкілдері ыстық ықыласпен күтіп алды. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та Орталық алаңға арнайы барып, спортшыларға тиісті құрмет көрсетуде.

24.kg басылымының мәліметінше, Олимпиадаға қатысқан әрбір спортшыға автокөлік табысталады.

Қырғызстан спортшыларына табысталатын көліктер
Қырғызстан спортшыларына табысталатын көліктер. Фото: 24.kg

Айта кетейік, Қырғызстан атынан Париж Олимпиадасында 16 спортшы сынға түсті. Нәтижесінде қырғызстандық спортшылар 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2148121-qyrgyzstan-men-ozbekstan-olimpiada-zhuldegerlerin-qalai-qarsy-aldy-foto-video/