Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ жерінен шыққан мерген қыздар: тарих және бүгін

Жарияланған күні:

Әсем Орынбай Азия ойындарында
Әсем Орынбай Азия ойындарында Фото: Olympic.kz/Тұрар Қазанғапов

Ерлермен тең ерлік көрсетіп, ел есінде қалған қазақ қыздары қаншама? Батыр қыздардың ерлікпен өрілген өмірін бейбіт күнде сіңілдері жалғастырып, халықаралық сайыстарда ел қоржынына жүлде салып, көк байрағымызды желбіретіп жүр. Бүгінгі материалымызда Ұлы Отан соғысына қатысып, "сұр мерген" атанған қазақтың Әлия бастаған батыр қыздары мен халықаралық жарыстарда мергендігімен көзге түскен қыздарымыз туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақтың мерген қыздары Әлия Молдағұлова, Баян Байғожина, Мәлика Тоқтамышева, Әлима Ғабдушева және Мүслима Қожахметованың ерліктері туралы айтылады.
  • Бүгінгі күні қазақстандық мерген қыздар Әсем Орынбай мен Александра Ле халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап жүр.
  • Мақала авторы кешегі Әлия бастаған батыр қыздардың жолын бүгінгі Әсем сияқты мергендер жалғастырып келе жатқанын, екі дәуірдің де қыздары ел намысын қорғауға дайын екенін атап өтеді.

Сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен мерген қыздар

Сөзімізді Ұлы Отан соғысында Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан мерген қыздар туралы деректерден бастасақ. Бұл соғысқа 600 мыңдай қыз-келіншек қатысқан десек, оның 5183-і майданға қазақ жерінен аттанған.

Тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева келтірген деректерге сүйенсек, Мәс­кеу маңындағы Подоль­скі­дегі Орталық мерген қыз­дар мектебінен Әлия Молдағұлова, Әлима Габ­душева, Мүс­лима Қожахметова және Мә­лика Тоқтамышева сынды қазақ қыздары оқу-жаттығудан өтіп, майдан даласына жіберілген.

Әлия Молдағұлова

Қан майданға өзі сұранып аттанған Әлия Молдағұлованың ерлігі жөнінде көп деректер айтылады.

Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова. Фото: e-history.kz

Ол отыздан астам неміс басқыншының көзін жойған.

Біз "Әлияның ерлігі куәгерлердің көзімен" мақаласында келтірілген, 4-жеке атқыштар батальонының командирі майор Моисеев пен штаб бастығы-лейтенант Винокуров қол қойған марапаттау парағындағы жазбаға сүйенгенді жөн көрдік. Онда Лияның (Әлия Молдағұлова) қан майдандағы өмірінің соңғы сәті сипатталып жазылған.

"Лияның жау десе қаны қайнайтын еді. Ол өзінің жасаған істеріне қанағаттанбай, әлі де Отанына пайдасын тигізгісі келіп, жауды торып жүріп жойғысы келетін.

Лияның соңғы шайқасы траншеяда өтті. Ол неміс офицерімен бетпе-бет келіп, қоян-қолтық ұрысқа көшті. Бірақ күш тең емес еді. Сонда да Лия фашисттің қолынан сытылып шығып, автоматпен неміс офицерін атты. Фашист өлер алдында пистолеттен қазақ халқының батыл қызы Молдағұлованың кеудесіне оқ атып үлгерді. Қазақ халқының батыр қызы Лия Молдағұлова ерлікпен қаза тапты.

Қазақ халқының даңқты қызы Лия Молдағұлова қайтыс болғаннан кейін Кеңестер Одағының Батыры атағына лайықты".

Әлияда қазақтың қайсар қызының көзсіз ерлігі талай қызды өз еркімен қан майданға аттанып, ерлік көрсетуге жігерлендірген.

Баян Байғожина

Семейдің Арқат ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келген Баян Байғожина Гинденбургте ұлы жеңіске небәрі 12 күн қалғанда ажал құшқан. Мерген қыз майданға 1944 жылы Әлия Молдағұлова қаза тапқан соң өз еркімен сұранып барған. "Жау тайсалған арулары қазақтың" деген мақалада "Правда" газетінің әскери тілшісі Павел Кузнецовтің естелігінен мынандай үзінді келтіріледі:

"Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Гинденбургте Вайнштрасседе қашып үлгермеген неміс Бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік".

Павел Кузнецов Баян қыздың атқан оғы мүлт кетпегенін де айтады. Оның жазуынша, Гинденбург іргесіндегі ұрыста снаряд жарықшағынан алған бетіндегі жарақатына қарамастан, Баян Байғржина 15 фашистің көзін жойғаны үшін "Отан соғысы" орденін алған.

Мәлика Тоқтамышева

Оралдық Мәлика Тоқтамышева да майдан даласына Әлима Габдушева, Мүслима Қожахметова сынды құрбыларымен бірге өзі сұранып барған.

Орталық мерген қыздар мектебінен дәріс алған Мәлика 1944 жылы алғаш рет 2 наурызда І Балтық майданы, 145-атқыштар дивизиясы, 599-атқыштар полкіне аттанады.

Мәлика үйіне жазған хаттарының бірінде былай жазған екен:

"Аңдуда отырғанда кірпік қағуға болмайды. Өйткені сені де жау аңдуда. Бір мезгілде көзіме бір нәрсе қылаң ете қалғандай болған еді. Қасымдағы серігім Люба кірпігін қағуға келтірместен қағып сұлатты. Сұлай түскенін анық көрдім. Ол жалғыз емес. Серігін мен де күтудемін. Сұлағанның қасына біреу бауырымен жер сызып келіп аударам дегенде, өзі аударылып түсті. Бұл екеуі барлаушы тобынан екен. Бізге енді өте мұқият болу керек. Сол күнгі отырған жеріміз құтты болып, санды он беске жеткіздім".

Қазақтың мерген қызы 1944 жылы 6 мамыр күні І Балтық майданы қолбасшысының №820 бұйрығымен "Ерлігі үшін" медаліне ие болады. Өкініштісі, бір айдан кейін 19-20 жас шамасындағы мерген қыз ұрыс даласында ауыр жараланады.

Мәликаның майдандағы құрбысы Люба Крайнова оның туыстарына мынандай хат жолдайды:

"Сәлеметсіздер ме, қымбаттыларым! Мен Мәликаның жақын құрбысы едім. Екеуміз мергендер мектебін бірге бітіріп, майданға да бірге аттанғанбыз. Ұрыс шебіне де бірге шығып жүрдік. Амал қанша, сіздерге қайғылы хабар жолдап отырмын. 11 маусым күні Мәлика дұшпанды аңдып жүріп, неміс мергенімен бетпе-бет ұшырасып қалды. Қарғыс атқыр фриц алдымен аңғарып, атып үлгерді. Сөйтіп, Мәлика екі қастың ортасынан жараланды. Қазір госпитальде жатыр, жазылып қалар, уайымдамаңыздар".

Ауыр жараланып госпитальға түскен Мәлика арада үш күн өткен соң, 1944 жылы 14 маусымда қаза табады. Оның денесі Витебск облысы, Городок ауданы, Большой городок селосында жауынгерлер зиратына қойылған.

Әлима Ғаб­душева

1924 жылы 30 мау­сымда Орал облысының Ор­да ауданында дүниеге келген.

Әлима Ғабдушева соғыс басталған кезде құрбысы Мүслима Қожахметовамен бірге Оралда баспаханада жұмыс істеп жүреді. Олар жұмыстан кейін кешкілік қалалық әс­кери комиссариат жанынан ұйымдастырылған қысқа мер­зімді курсқа қатыса жүріп, 1943 жылы 24 маусымда өз ерік­терімен оралдық 24 қызбен бірге майданға аттанады. Подоль­скі­дегі Орталық мерген қыз­дар мектебінде дайындықтан өтеді. Ефрейтор Ғабдушева 1944 жылы 2 наурызда І Бал­тық майданы 145-Витебск ат­қыштар дивизиясының 403-ат­қыштар полкіне жібе­ріледі.

Тарихшы Бақтылы Боранбаеваның жазуынша, Әлима Ғабдушева майдан даласына барғаннан кейін 18 күннен кейін "Ерлігі үшін" ме­далімен марапатталады, ал төрт айдан соң Онкиты село­сы үшін болған ұрыста винтов­касы­мен 3 гитлершінің кө­зін жойып, жаяу әскердің ілге­рі жылжуына көмектескені үшін "Қызыл Жұлдыз" орденіне ұсынылады.

Әлима Ғаб­ду­шева со­ғыс­ты жеңіспен аяқтап, 1946 жылы елге оралған соң соғыс ар­дагері К.Көпжасаровпен отба­сын құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Ардагер ана 1987 жы­лы 63 жасына қараған шағын­да дү­ние салған.

Мүслима Қожахметова

Мүслима Қожах­метова (соғыс жылдарындағы аты-жөні Мария Га­лиева) 1924 жылғы 15 тамызда Орал облысы, Жымпиты ауданының Қо­соба елді мекенінде дүниеге келген.

1944 жылы 24 сәуірде І Балтық майданы 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкына жібе­ріледі.

"Майданда орден жайдан-жай беріле салмайды. 1945 жылдың басында Одер өзені үшін қатты шайқас болды. Зинаида Викторовна екеумізге взвод командирі жаудың пулеметшілер ДЗОТ-ын басып алуға бұйрық берді. Бұйрықтың аты – бұйрық. Екеуміз 500 метр жерге екі сағат еңбектеп жет­тік те, қарлы шұң­қырға келіп жайғастық. Енді жаумен ара­мыздағы қашықтық – 150 метр. Аяз буып тұр. Немістер болса беті жабылған окопқа тастай болып бекініп алған. Түннің бір уақытында қуатты прожекторлар жарқылдай бастады. Осы кезде жер бауырлап жатқан біз жаудың жасырын жамылғылармен бүркелген техникалар тобын байқадық. Нысананы үздік­сіз атқылап, бірінші тапсырманы абыроймен орындадық. Ертеңіне күн батуға таянғанда ғана Зина екеуміз жау ДЗОТ-ның үнін өшірдік. Осыдан соң біздің жақ жаппай шабуылға шықты. Алайда мен осы жерде контузияға ұшырадым. Бұл мен үшін естен кетпес күн болды. Кейін осы шайқастағы ерлі­гім үшін ІІІ дәрежелі "Даңқ" орде­німен марапаттады", - дейді өз қолымен жазған өмірбаянында.

Мүслима Қожахметова
Мүслима Қожахметова. Фото: danaqaz.kz

Тарихшы келтірген дерек бойынша, ол 1945 жылы маусымда елге оралып, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Орал­дағы ет ком­бинатының мал сою це­хында 36 жыл бойы еңбек етіп, зейнет де­малысына шықты. Майдангер 1998 жылы өмірден озған.

Бейбіт күнде биіктерден көрінген мерген қыздар

Әсем Орынбай

Қазақтан шыққан батыр қыздардың ерлікпен өрілген жолын бүгінде Әсем Орынбай сынды қыздарымыз жалғастырып келеді. Бейбіт заманда мерген қыздардың шеберлігі байрақты бәсекелерде сынға түсіп келеді.

Әсем Орынбай Азия ойындарында
Әсем Орынбай Азия ойындарында Фото: Нұрғали Жұмағазы

Әсем Орынбай – Париж, Токио Олимпиадаларының қатысушысы, 2018 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем кубогының қола жүлдегері, стенд атудан ел чемпионы. Ол 1993 жылы 9 шілдеде Алматыда дүниеге келген. Телеарналардың біріне берген сұқбатында мерген қыз спортқа келуіні аңшылықты жақсы көретін әкесі себеп болғанын айтады.

Жетістіктері:

  • Жазғы Азия ойындары – 30 жастағы мерген қызымыз Азия ойындарының 5-күнінде стенд атудан командалық сайыста Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды сыйлады.
  • 2023 жыл, мамыр – Алматы облысында өткен рейтингтік әлем кубогында Әсем жеке сайыста чемпион атанса, аралас жұптық бәсекеде күміс жүлдеге ие болды.
  • 2023 жыл, шілде – Италияның Лонато қаласында ұйымдастырылған әлем кубогының кезеңінде отандасымыз Олимпиада бағдарламасына кіретін аралас жұптық бәсекеде 3-орынға тұрақтады.
  • 2023 жыл, қараша – Әлемдік рейтингте үздік 12 спортшы ғана қатысқан Доха төріндегі әлем кубогында жерлесіміз Олимпиада чемпионы Кимберли Роуд сынды мықты қарсыластың алдын орап, топ жарды.
  • 2023 жылдың қорытындысы бойынша Әсем Орынбай Халықаралық нысана көздеу федерациясының әлемдік рейтингісінде 7-орынға тұрақтады.000000000000000000000000000000000000000000000000000000000

Александра Ле

Париж Олимпиадасында Ислам Сәтбаевпен аралас командалық сында 10 метрден нысана көздеуден қола жүлде жеңіп алып, дүбірлі додада Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған қазақстандық мерген Александар Ленің есімін ерекше атап өтуіміз керек. Қуыршақтай мерген қыз Париж төрінде Қазақстан туының желбіреуіне зор үлес қосты.

Александра Ле
Александра Ле. Фото: olympic.kz

"Біз әлемге қазақстандықтар мықты ғана емес, мерген екенін де дәлелдедік. Ендігі жоспар – нәтижемізді одан әрі жақсарту. Париж Олимпиадасында біз бүкіл спортшының ішінде алғашқылардың бірі болып сынға түстік. Біздің жүлдеміз біраз уақыт бойы медаль кестесінде бірінші болып тұрды. Сол кезде өзімізді мақтан тұттық, ел сенімін ақтағанымызға қатты қуандық", - деді Александра Ле Париж Олимпиадасынан оралғаннан кейін журналистерге берген сұқбатында

Кешегі Әлия бастаған батыр қыздар жолын бүгінде Әсем Орынбай сынды қыздарымыз жалғап келеді. Әлиялар майданда Жеңіс күнін жақындату жолында қан төксе, әсемдер бейбіт күнде көк байрағымызды желбіретіп келеді. Екі дәуірдің де батыр қыздары сын сағатта қаруын сайлап, ел намысын қорғауға келгенде аянып қалмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2152828-qazaq-zherinen-shyqqan-mergen-qyzdar-tarih-zhane-bugin/