Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

11 жастағы румыниялық спортшы көшпенділер ойындарына қатысып жатыр

Жарияланған күні:

Равзан Андрей
Равзан Андрей. Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жас спортшылар да қатысып жатыр. Солардың бірі – Румыниядан келген 11 жастағы Равзан Андрей, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Равзан Андрей тоғызқұмалақ ойынынан бақ сынап, интеллектуалды спорт түріне деген құштарлығы мен шеберлігін танытып жатыр. Ол тоғызқұмалақ ойыны жайлы небəрі бір жыл бұрын, 4-сынып оқып жүргенде білген. Ежелгі ойынның стратегиялық жəне зияткерлік тереңдігі оған ерекше əсер қалдырған. Ақыл-ойға, тапқыр тəсілдерге негізделген спорттың бұл түрі баланы бірден баурап алғандықтан, ол ойын ережелерімен танысып, меңгере бастапты.

Румынияда тоғызқұмалақты насихаттаумен ЮНЕСКО белсенді түрде айналысып келеді. Мектеп бағдарламасына тоғызқұмалақ сабақтарын енгізу шараларын да жүзеге асырған. Андрей оқитын мектепте түрлі ойындар мен шеберлік дəрістерінің өтуі оның білім алуына ғана емес, сыныптастарын шабыттандыруға да əсер етті. Спортшының өзі айтқандай, бүгінде бірге оқитын 10 шақты оқушы оны қолдап, тоғызқұмалақ ойнауға əуестене бастаған.

Тоғызқұмалақ ойыны
Тоғызқұмалақ ойыны. Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

Айта кетейік, Андрей Алматыда өткен тоғызқұмалақтан әлем чемпионатына қатысқан. Дайындық уақыты аз болғандықтан, мұндай маңызды додада 4-орынға ілігуін де зор жетістік, жоғары көрсеткіш деп санайды.

Balint Claudia-Crina мұғалімінің айтуынша, ЮНЕСКО-ның тоғызқұмалақ ойынын үйрету жобасы Румыниядағы көптеген мектепте жүзеге асқан жəне қазірдің өзінде 60 мыңнан аса баланы қамтиды.

"Ай сайын мектепте ата-аналар үшін тоғызқұмалақ ойынын үйренуге жəне түрлі сайыстарға қатысуға мүмкіндік беретін ашық сабақтар өтіп тұрады. Нағыз мерекеге айналып келе жатқан бұл іс-шараны отбасы мен қоғамдастықты спорт пен мəдениеттің төңірегіне тоғыстыратын көшпенділер ойындарымен салыстыруға да болады", - дейді оқытушы.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159722-11-zhastagy-rumyniialyq-sportshy-koshpendiler-oiyndaryna-qatysyp-zhatyr/