Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасының спортшылары жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола және командалық есепте алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының" баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Думан" қонақ үй және спорт кешенінде өткен жарыста әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы – алтын, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Ал ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов – алтын, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлдені қанжығалады.
Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орын алып, Көшпенділер ойындарының тағы бір алтын жүлдесіне ие болды. Екінші орында – Қырғызстан, үшінші орында – Ресей және Моңғолия.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында тоғызқұмалақтан алғашқы ойындар 9 қыркүйекте сағат 09:09-да басталған еді. Ойыншылардың алғашқы жүрісі "Думан" қонақ үйінде 9 тақтадан 9 ұяшыққа 9 ойыншы салу арқылы басталды. Бұл Көшпенділер ойындарының аясында "Тоғызқұмалақ күніне" орайластырған. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен 2020 жылғы 9 қыркүйектен бері "Тоғызқұмалақ күні" атап өтіледі.
Кеше, 10 қыркүйекте тоғызқұмалақ ойынының тақтасы ғарышқа ұшырылған еді. Ресей ғарыш агенттігімен арадағы келісім негізінде ішінде тастары бар тақта алғаш рет Көшпенділер ойындары аясында стратосфера қабатына шығып, қайтадан жерге жеткізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160135-koshpendiler-oiyndary-togyzqumalaqtan-ush-altyndy-da-qazaq-sportshylary-zhengip-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.