Бүгін, 12 қыркүйекте көк бөріден Қазақстан және Қырғызстан құрамалары V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалында кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Елордадағы "Қазанат" ипподромында өткен финалда қырғыз спортшылары үш кезеңде де басымдық танытып, 4:10 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Қырғызстан қоржынына 11-алтын медаль түсті. Ал Қазақстан құрамасы күміс жүлде иеленді.
Көк бөрі додасында қола жүлдені Түркия командасын 12:4 есебімен жеңген Ресей құрамасы еншіледі.
Бүгін көкпардан да финалдық бәсеке өткен еді. Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан қосымша уақытта басым түсіп, алтын медальді қанжығалады. Кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен марапатталды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Қатысушылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен бақ сынап жатыр. Барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160684-kok-boriden-qyrgyzstan-quramasy-koshpendiler-oiyndarynyng-finalynda-qazaqstandy-zhengdi/