Кеше, 12 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен көкпар додасында Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары өзара мықтыны анықтады. Бұл тек спорттық жарыс емес, екі халықтың ежелден тамыр тартқан мәдениеті мен рухани мұраларының, рухы мен жігерінің қақтығысы іспеттес, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазіргі уақытта көкпар әлемдік деңгейде танылып, Қазақстан мен Қырғызстан бұл ұлттық ойынның нағыз шеберлеріне айналды. Бірақ қос құрама арасындағы текетірес қашаннан қызықты әрі тартысты өткен.
Кешегі финалдық бәсекені тамашалауға келген жанкүйерлер де шиеленісті кездесудің куәсі болды. Бұл бәсекеге жиналған халықтың қолдап-қолпаштауы ойынның әрін одан сайын аша түсті. Кеше біз қазақ пен қырғыз көкпаршыларының текетіресін ғана емес, жанкүйерлер арасындағы бәсекені де көрдік.
Финалдық ойын басталған тұстан-ақ "Қазанат" ипподромына жиналған қиқуға салып, қос құраманы қолдауға кірісті. Көкпаршылар да тістеніп шықты, жанкүйерлер де тартысты текетірестің болатынына сенді.
Көкпаршылардың кездесуінде алғашқы салымды Қазақстан құрамасы салды. Алайда қырғыз көкпаршылары қатарынан екі ұпайды еншілеп, ойынның аяқталуына 7 минут уақыт қалғанда үшінші салымын салған уақытта тосын жағдай орын алды. Қазақстан құрамасының мүшесі Ұлан Байтөреев пен қырғыз көкпаршысы Қуанышбек Сұлтанұлы арасында жанжал туындап, арты спортшылардың қақтығысына ұласты.
Артынша ойынның қауіпсіздігіне жауапты арнайы мамандардың араласуымен бұл жанжал басылды. Бірақ та ойын шамамен 30-40 минут уақытқа тоқтатылды. Бұл бәсекені көру үшін 12-15 мың теңгеге билет алып кірген жанкүйерлер де ойынның одан әрі жалғасуын талап етіп, наразылығын білдірді. Айта кететін жайт – көкпар алаңындағы шиеленісті жағдайға қарамастан, трибунада қатар жайғасқан қырғыз бен қазақ жанкүйерлері арасында ешқандай жанжал туындамады.
Ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін ойын қайта жалғасып, бірінші кезең 1:3 есебімен қырғыз көкпаршыларының пайдасына шешілді. Ал екінші кезеңге тас-түйін шыққан Қазақстан құрамасы есепті 4:3-ке дейін жеткізді. Бірақ та ойынның аяқталуына 20 секунд қалғанда Өмірбек Есенұлы есепті теңестіріп кетті. Бірақ қосымша уақытта Нұрғасқа атты тізгіндеген Құрманбек Тұрғанбек салым салып, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады.
2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалында да Құрманбек Тұрғанбек соңғы ұпайды еншілеп, өз құрамасына жеңіс әкелген болатын.
Қазіргі таңда Құрманбек Тұрғанбек тек ұлттық құраманың мүшесі емес, сондай-ақ жамбылдық "Әулие-Ата" командасының негізгі ойыншысы. Ол 14 жасында Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы чемпионы атанған еді. Ал 16 жасында ол ересектер арасында топ жарып, ел чемпионы дәрежесіне жеткен.
Құрманбек Тұрғанбек 2018 жылы Қырғызстанда өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Ресей командасына қарсы алғашқы ойында 10 ұпай жинап, кездесудің үздік ойыншысы атанды.
Құрманбек Тұрғанбекті "ғасырдың үздік көкпаршысы" деп те атап кеткен.
Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасындағы финалдық бәсекеден кейін әлеуметтік желі қолданушылары, әсіресе қырғыз халқы ойынның әділетсіз өткенін, жеңісті қазақтарға жұлып алып бергенін, төрешінің қателігін жазып жатыр. Осы орайда біз бұл бәсекені тамашалауға келген қырғыз жанкүйерлерінен пікір алуды жөн көрдік.
Оразалы Қожамқұл есімді қырғыз жанкүйері қазақ көкпаршыларының жарыстың ережесіне сай емес әрекеттерді жасағанын айтты.
"Финалда қазақ бауырларымыз жеңді. Біріншіден, бауырларымызды жеңістерімен құттықтаймыз. Бірақ қазақ көкпаршысының біздің ойыншыны қамшымен ұрғаны камераға түсіп қалды. Бәлкім, бұл эмоционалды ойын шығар, бірақ бұл нәрсеге дейін жеткізбеуіміз керек еді. Оларға: "Қамшы қолданба, өліп бара жатсаң да ұрма. Қырғыздарға қамшы көтерме, себебі олар қонақтар", - деп айтуы керек еді. Екінші айтатын мәселе – Қазақстан құрамасының 10-нөмірлі ойыншысы (Ұлан Байтөреев) Қырғыстан құрамасының көшесі Манас Ниязовтың қолын жібермей ұстап алды", - дейді Оразалы Қожамқұл.
Қырғызстаннан келген тағы бір жанкүйер Әлібек Ажыбекұлы бұл ойынның тағдырын төреші шешіп кетті деп есептейді.
"Бұл спорт болғаннан кейін түрлі жағдайлар орын алып жатады. Бірақ бұл кездесудің екінші бөлігінде төреші кейбір нәрселерді ескермеді. Мысалы, жекпе-жек кезінде қырғыз көкпаршысы сырт қарап тұрғанда төреші ойынды бірден бастап кетіп жатты. Ал жарыс ережесі бойынша олай емес", - деді Әлібек Ажыбекұлы.
Ал бұл мәселеге қатысты Қазақстан құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев те пікір білдірген болатын.
"Басында ештеңе түсінбей қалдық. Не болып жатқанын білейік десек, ешкім жауап бермейді. Бірақ кейін ара-жігін ажыраттық. Айта берсең, бұл туралы әңгіме көп. Аттың үстінде жүргеннен кейін бұнда бәрі қызуқанды. Енді бұнда бізді ұрысқа қарай тартқан сияқты. Аузынан боқ ауыз сөздер шыққан. Төрешінің өзі естіп тұр, бірақ оған қарсы шара қолданбады. Біздің тараптан да ағаттық кетті. Сол үшін қырғыз ағайындардан кешірім сұраймыз. Бірақ бұл – спорт, ондай нәрсе болмаса, көкпар ма бұл?!" - деді Ақылбай Манкеев.
Қазақ пен қырғыздың көкпардағы текетіресі сонау кезеңдерден тамыр тартады. Қос құрама арасындағы кездесудің көбі шиеленіс пен тартысқа толы өтеді.
2021 жылдың 3 шілдесінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сол кездегі Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан қазақ-қырғыз көкпарындағы ауыр жағдай туралы айтқан еді.
"2016 жылы көшпенділер ойыны болған. Сол жерде қазақ пен қырғыз көкпаршылары арасындағы ойында Әбдуғали Әбжапаровты Манас Ниязов дейтін қырғыз шауып келе жатып әдейі құлатып, комаға түсірген болатын. Ол ауыр жарақат алды. Негізгі ойыншы құлап қалғаннан кейін команда жалаңаш қалды. Ол негізгі фаворитіміз болды. Ол ойынды мен ойын деп санамаймын. Одан кейін қырғыз командасымен кездескен жағдай болған жоқ", - деді Бекболат Тілеухан.
Бұл 2016 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде орын алған жағдай. Финалда қазақ көкпаршылары қырғыз құрамасынан 3:15 есебімен жеңілген еді.
Жарыс барысында қазақ спортшысы Әбдуғали Әбжапаров ат астында қалып, ауыр жарақат алды. Кейін ол шұғыл түрде қаладағы ауруханаға жеткізілген еді.
Ал 2018 жылы Қырғызстанда өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан көкпаршылары жартылай финалда сүрінген еді. Қазақстанның көкпар құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жартылай финалында Өзбекстан құрамасынан 4:5 есебімен жеңілген болатын.
"Қазақстан мен Қырғызстан арасында ойын болған жоқ. Қазақтар бізбен ойнағысы келмей, әдейі жеңілді", - деді сол кездегі Қырғызстан құрамасының көкпаршысы Асқат Асқаров.
Көкпар бәсекесі аяқталғаннан кейін көк бөрі жарыстары басталды. Финалдық сайыста Қырғызстан құрамасы Қазақстанды 10:4 есебімен жеңіп, жарыстың чемпиондары атанды. Қырғызстаннан келген жанкүйерлер де спортшыларының бұл жеңісіне қуанып, өз құрамасын ерекше қолдады. Ешқандай жанжал туындамады, қазақ пен қырғыз жанкүйерлері бір-біріне барынша сыйластық танытты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160924-qazaq-qyrgyz-el-klassikosy-kokpardan-finaldyq-baseke-qalai-otti-foto-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.