Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Париж Паралимпиадасынан жүлдемен оралған спортшыларды марапаттады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақмола облысының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Көкшетауда өткен салтанатты шара барысында Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревқа 3 бөлмелі пәтер және 25 миллион теңге, күміс медаль иегері Еркін Ғаббасовқа 2 бөлмелі пәтер және 20 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ жаттықтырушылар Юрий Колесников пен Муслим Сәрсембековке ақшалай сертификаттар берілді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов биыл жазғы спорт түрлерінен Паралимпиада ойындарына қатысу облыс үшін тарихи оқиға болғанын айтты.
"Сіздердің жеңістеріңіз – батылдық пен шексіз адами мүмкіндіктердің айқын көрінісі. Ол көп жылғы еңбектің, ерік-жігердің және өмірлік қиындықтардан бас тартпау қабілетінің нәтижесі. Мемлекет осы маңызды салаға жан-жақты қолдау көрсетеді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысушылармен кездесуде спорт саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды тұжырымдады. Болашақта біз алға қойған мақсаттарға жету үшін жұмыс істейтін боламыз. Қазақстандық спорттың болашағы сіздердің әрқайсыларыңызға байланысты", - деді Ахметжанов.
Айта кетейік, Давид Дегтярев Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарында пара пауэрлифтингтен 54 кг дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда 188 кг салмақты еңсеріп, ең үздік нәтиже көрсетті. Осылайша екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды.
Ал Еркін Ғаббасов R1 санатында винтовкамен 10 метрге пара оқ атудан сынға түсіп, күміс жүлде иеленді. Бұл Париж Паралимпиадасында Қазақстан қоржынына түскен алғашқы медаль болған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2161347-ush-bolmeli-pater-25-mln-tengge-kokshetauda-paralimpiada-zhuldegerleri-marapattaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.