Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында теңге ілу спортының "Қос құлаш" сайысы бойынша алтын жүлде алған түркістандық Рахат Қамбаров ел назарына ілікті. Ұзын бойлы, кең иықты спортшы жігіттің финалдық бәсеке кезіндегі сәті түсірілген әсерлі видео TikTok қолданушылары арасында лезде тарап кеткен. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Рахат Қамбаровпен тілдесіп, Көшпенділер ойындарынан кейінгі әсері, танымалдылығы қалай артқанын сұрады.
23 жастағы ұлттық құрама мүшесі теңге ілу спортымен 2016 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады.
"Алғашқы бапкерім – Әбілқасым Нұржан ағай. Сегіз жыл болыпты осы спортқа келгеніме, сол аралықта бірнеше Қазақстан чемпионатына және Азия чемпионатына қатыстым. Азия кубогының иегерімін", - деп таныстырды өзін Рахат Қамбаров.
Айта кетейік, теңге ілу спорты Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына биыл ғана еніп отырғандықтан спортшыларымыз бұл бәсекеде барын салыпты. Осы ретте жас спортшы теңге ілудің қазіргі аяқ алысы мен болашағы туралы ойын бөлісуді жөн көрді.
"Біз үшін өте жоғары деңгейдегі жетістік. Себебі теңге ілу спорты Көшпенділер ойынына алғаш рет еніп отыр. Осылай жалғаса берсе деген ойдамын. Жалпы соңғы жылдары теңге ілудің дамуы қарқынды, халықаралық дәрежеге көтеріліп кетті десек те болады. Оны біз Көшпенділер ойынынан байқадық, себебі ойында басқа мемлекеттерден келген спортшылар біз күтпеген нәтижеге жетті. Бізге лайықты қарсылас болып, жақсы дайындалып келіпті. Шет мемлекеттердің өкілдері бұл ұлттық спортты жақсы меңгеріп алған. Бізге жаңалық болғаны – Еуропа мемлекеттерінің ішінен Румыния және Азиядан Бангладеш елінің өкілдерінің дайындығы. Румыния үшінші орын алды. Бұл – біз күтпеген нәтиже. Бізге жақсы қарсылас бола білген Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан спортшыларын да атап өту керек. Барлығы ат үстінде жақсы отыра алатын спортшылар. Осы жетістіктерге қарап, теңге ілу өзге елдерде де жақсы жамып жатыр деген ойдамын. Өткен жылдарға қарағанда қазір Қырғызстан, Моңғолия, Қытай спортшылары өте мықты", - дейді ол.
Рахаттың айтуынша, осындай бәскеде алтын алу оңай емес, алайда дайындық, атпен жаттығу көп нәтиже берген.
"Жарыстың оңайы жоқ, бәрі маңдай тер, қиыншылықпен келеді. Осы Көшпенділер ойынына дейін төрт оқу-жаттығу жиынынан өттік. Соңғы оқу-жаттығу жиыны Астанада өтті. Осы жетістікке жетуіміз дайындықтың арқасы деп ойлаймын. Теңге ілу спортында атпен көп жұмыс жасау керек. Сонда оңай болады", - дейді спортшы.
Рахат Қамбаров әлеуметтік желіде танымалдығының артқанына қуанышты екенін жеткізді.
"Көшпенділер ойындарындағы финалдық бәсекеде түсірілген видео TikTok желісінде жақсы тарап кеткен екен. Жан-жақтан таныстарым айтып, маған жолдап жатыр. Бұл менің өміріме қатты әсер етті деп айта алмаймын. Бірақ біз үшін қуантарлық жағдай. Өте қуаныштымын", - дейді ол.
Айта кетерлігі Рахат Қамбаров TikTok желіcінде тіркелмеген екен, сол себепті танысайық деп жазатын қыздарға жауап беруге әлі мүмкіндігі болмапты. Сөз соңында спортшы ұлттық спортты қолдаған әр жанға алғыс білдіріп, оның дамуына үлес қосуға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2162728-quanyshtymyn-tengge-iluden-koshpendiler-oiyndarynyng-zhengimpazy-atangan-turkistandyq-zhigit-zheli-zhuldyzyna-ainaldy/