![Соня Жиенбаева Соня Жиенбаева](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/30ed4bb5b0c8c254.jpeg)
18 жастағы қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева спорттық мансабында ITF World Tennis Tour санатындағы екінші титулын жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан теннис федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Соня Жиенбаева Испания астанасы Мадридте өткен ITF World Tennis Tour W 15 турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда отандасымыз британиялық спортшы Алиса Джиллианды (668 WTA) 6:1, 5:7, 6:1 есебімен ұтты. Бұл 18 жастағы спортшы Жиенбаеваның мансабындағы жетінші жеңісі.
Соня 2023 жылы Қазақстан азаматтығын алды. Спортшы 2006 жылы 2 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Соняның анасы қазақ, әкесі неміс ұлтынан.
Еске салайық, 27 тамызда мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездескен еді. Аталмыш жиында Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтқан еді.
Мемлекет басшысының айтуынша, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі.
"Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн",- деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2167473-qazaqstan-azamattygyn-algan-18-zhastagy-tennisshi-ispaniiadagy-turnirde-top-zhardy/