Қазақстандық Жәния Бекмұхамбетова 11 жасында-ақ отандық үстел теннисінің болашақ жұлдызы ретінде танылды. Соңғы уақыттары ол түрлі халықаралық жарыстарда бірнеше медалға ие болды. Сарапшылар оның қабілеттері мен чемпиондық мінезін атап өтуде, деп KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тамыз айында Жания Хорватияда өткен WTT Youth Contender турнирінде сенімді түрде жеңіске жетіп, 11 жасқа дейінгі спортшылар арасында үздік атанды. Кейін Словения, Мысыр, Словакия, Венгрия, Италия елдерінде де үздіктер қатарынан көрінді. Кейбір турнирлерде ол өзінен үлкен қарсыластарының арасында да жеңіс тұғырына екі рет көтерілді.
Словенияның Оточец қаласында Бекмұхамбетова алтын мен қола медалдарын иеленді. Мысырдың Исмаилия қаласында 13 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жарыста қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Одан кейін ол Словакияның Сенец қаласындағы жарыста бірінші орынға шықты. Венгрияда да Жания Словениядағы жетістігін қайталады.
Осындай қарқынмен ол Қазақстанда өз жас санатындағы көшбасшы екенін дәлелдеді. Маусымның басында Жания 2009 жылғы немесе одан кіші теннисшілер арасында жеңімпаз атанып, ел біріншілігінің абсолютті чемпионы және Алматыда өткен WTT Youth Contender турнирінің жүлдегері болды. Жас бола тұра, Қытайдағы Азия чемпионатына қатысу үшін Қазақстанның жастар командасына шақырылған.
Әр түрлі жарыстардағы жеңістері оның спорттық жолының тек бастамасы ғана болмақ. Алда әлі де көптеген табысты жетістіктер күтіп тұр. Бұл пікірді мамандар да қолдайды. Қазақстан командасының бас бапкері Эльмира Әлиева Жанияның қарсыластарынан озуына мүмкіндік беретін ерекше ойын стиліне ие екенін атап өтті.
"Жания, сөзсіз дарынды бала, чемпиондық мінезі бар және психологиялық тұрғыда өте берік, бұл осы спорт түрі үшін өте маңызды қабілеттердің бірі. Оның ойынында ерекше стилі бар, оған қоса күрделі құрал-жабдықтармен (ракетканың тікенекті жапсырмасынсыз) тамаша ойнайды. Жасына қарамастан, ол керемет ойын өрнегін көрсетеді, бұл оның қарсыластарына біршама қиындық туғызары сөзсіз", - деді Эльмира Әлиева.
Эльмира Әлиеваның айтуынша, оның спорттық мансабының дамуы тағы бір дарынды қазақстандық Алан Құрманғалиевтің (17 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемдік рейтингте 10-орын) жолына ұқсас.
"Осындай жасында дәл осындай нәтижелерді Алан Құрманғалиев те көрсеткен еді. Ол Азия жасөспірімдер чемпионатының қола жүлдегері және 2022 жылғы жастар арасындағы Әлем біріншілігінің алтын және қола медаль иегері. Алан халықаралық турнирлерде 39 медаль жеңіп алды (16 алтын, 9 күміс және 15 қола). Мен Жанияның да болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенемін. Бүгінде Қазақстан үстел теннисі федерациясы мен жаттықтырушылар жас спортшылардың шеберлігін арттырып, ауқымды жұмыстар атқаруда, олар Қазақстанды үстел теннисінен халықаралық деңгейге шығарары анық", - деді бас жаттықтырушы.
Айта кетейік, ITTF әлемдік рейтингін жаңартқаннан кейін Қазақстан құрамасының өкілі Жания Бекмұхамбетова үздіктер тізімінде (U11) орынға тұрақтады, алда тек жапониялық Мику Матсушима тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2186648-chempiondyq-minezi-bar-11-zhastagy-qazaq-qyzy-halyqaralyq-turnirlerde-top-zharyp-reitingting-kosh-basyna-shyqty/