Ауыр атлетикадан ересектер арасында Талдықорғанда өтіп жатқан Қазақстан біріншілігінде 14 жастағы Ксения Прозорова алтын медаль еншілеп, екі дүркін ел чемпионы атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Cпортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Талдықорғандағы чемпионатқа Қазақстанның 17 өңірінен 212 спортшы (136 ер, 76 әйел) қатысып жатыр. Жарыстың екінші күні әйелдер екі салмақ және ерлер бір салмақ дәрежесінде чемпионды анықтады.
Мамандар мен жанкүйерлердің назары Алматы облысының намысын қорғап жатқан 14 жастағы Ксения Прозороваға ауды. Ол 9 айдың ішінде ересектер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып үлгерді.
"Ауыр атлетикамен 4 жылдан бері айналысып келемін. Алматы облысында дүниеге келдім. Міне, екі дүркін ел чемпионы атанып отырмын. Ақпан айында Қостанайда өткен ел чемпионатында 55 келіде өнер көрсетіп, жұлқа көтеру жаттығуында 80 келі және серпе көтеру бағдарламасында 95 келіні бағындырып, абсолютті чемпион атанғанмын. Осы жолы салмағымды көтерсем де, тең келер ешкім болмады.
Мені Азамат Нуруллаев пен Эмир Абатов жаттықтырады. Тұрақты режимнің (тәртіп, тамақ, жаттығу) арқасында осындай көрсеткішке жете алдым. Барлығы өз уақытымен болуда. Қазіргі сәтте жасөспірімдер Олимпиадасында дайындалып жатырмын. Басты мақсатым – 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиада ойындарында ел намысын қорғау", - деді Ксения Прозорова
Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының екінші күнінің қорытындысы:
Ерлер (61 кг):
- 1. Сергей Чуев (Жетісу обл.) - 264 кг (119+145);
- 2. Мақсат Қуантқан (Қызылорда обл.) – 260 кг (118+142);
- 3. Азамат Төлеген (Қызылорда обл.) – 255 кг (111+144).
Әйелдер (55 кг):
1. Юлия Трошкина (Ақмола обл.) - 169 кг (78+91);
2. Регина Никифорова (Жетісу обл.) – 149 кг (66+83);
3. Раушан Суюнбек (Жамбыл обл.) – 144 кг (67+77).
Әйелдер (59 кг):
1. Ксения Прозорова (Алматы обл.) – 190 кг (87+103);
2. Дарья Балабаюк (Қарағанды обл.) – 174 кг (78+96);
3. Валерия Иванова (Жетісу обл.) – 170 кг (80+90).
Айта кетейік, ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты 19 қарашада мәресіне жетеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2187728-14-zhastagy-ziltemirshi-bir-zhyldyng-ishinde-ekinshi-ret-qazaqstan-chempiony-atandy/