
2025 жылы 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин және Ябули қалаларында қысқы Азия ойындары өтеді. Құрлық бәсекесіне Қазақстаннан 139 спортшы қатысады, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты 7 ақпанда, жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде болады. Жарыстың бойтұмары – Сібір жолбарыстары Бинбин мен Нини.
Құрлық додасына 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина - биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығының иесін анықтайды.
Ақ Азиадаға Қазақстаннан 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) аттанады. Олар спорттың 6 түрінен 50 медаль жиынтығына таласады. Қазақстандықтар мына спорт түрлерінен сынға түседі: биатлон – 10 спортшы; кёрлинг – 12 спортшы, конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы, мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы; шорт-трек – 12 спортшы; шаңғы жарысы – 12 спортшы; шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы; шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы; тау шаңғы спорты – 8 спортшы; фристайл-акробатика – 7 спортшы; шаңғы жарысы – 8 спортшы.
"1996 жылы үшінші ақ Азиада осы Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан 14 алтын, 9 күміс, 8 қола жүлде жеңіп алған. Бұл жалпы есептегі 2-орын. Жалпы Қазақстан қысқы Азиадаға сол 1996 жылғы ойындардан бері қатысып келе жатыр. Осы аралықта 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алған", - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.
Еске сала кетейік, Қазақстан қысқы Азия ойындарын бір рет қабылдаған. 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында өткен кешенді жарыста ұлттық құрама 32 алтын, 21 күміс және 17 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте алғаш рет 1-орын алған. Осыған дейінгі VI ойындар 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен. Қазақстан командасы 32 медальмен (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) 4-сатыға тұрақтаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2187975-qytaida-otetin-qysqy-aziia-oiyndarynda-el-namysyn-qansha-sportshy-qorgaidy/