
Қазақстандық биатлоншы Арина Крюкова Италияда өтіп жатқан 2025 жылғы қысқы Универсиада ойындарында қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сүйінші жаңалықты ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Telegram-арнасында бөлісті.
"Қазақ спорт және туризм академиясы студенті Арина Крюкова қола медаль иегері! Қысқы универсиада ойындарында спортшымыз биатлоннан 7,5 шақырым қашықтықтағы спринт сайысынан үшінші келіп, жүлделі орынға ие болды. Құтты болсын!", - деп жазды министр өз арнасында.
Студенттерге арналған басты мультиспорттық жарыстар Италияның Турин қаласында өтіп жатыр және 23 қаңтарда аяқталады.
Еске салсақ, бұған дейін биатлоннан ерлер арасындағы 10 шақырым қашықтық бойынша жарыста Никита Акимов ел қоржынына үшінші алтынды салғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық парашаңғышылар Денис Зинов пен Роман Құрбанов қысқы Универсиада ойындарында жүлделі орындарға ие болды. Құрбанов екі бәсекелесінен де ұтылып, өз санатында үшінші болып мәреге жетсе, Зинов жарысқа төрт қарсыласымен бірге қатысып, күміс жүлдегер атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2212817-universiada-2025-tagy-bir-biatlonshy-qazaqstan-qorzhynyn-zhuldemen-tolyqtyrdy/