Спорт

Зектілері

Азиадада биатлоннан алтын медаль алған Владислав Киреев жарыстан кейінгі алғашқы әсерін бөлісті

Жарияланған күні:

Владислав Киреев
Владислав Киреев. Фото: Тұрар Қазанғапов, ҰОК баспасөз қызметі

2025 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған биатлоншы Владислав Киреев мәре сызығын кескеннен кейін жарыс туралы алғашқы әсерін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

ҰОК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Владислав Киреев бұл медальдің Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды болғанын атап өткен. Сондай-ақ тұғырдан оның командаласы Вадим Куралесті көргеніне қуанышты екенін айтқан.

"Барлығы ойдағыдай жүзеге асты. Әсіресе бұл алтын медаль біз үшін аса маңызды болды. Дайындығымызды толық көрсетіп, бірінші және екінші орындарды иелендік.

Жарыс туралы айтсам, бірінші ату айлағында алғашқы оқты нысанаға дәл тигізе алмадым. Қателік жібердім, өйткені дәл сол сәтте жел соғып кетті. Мен түзеуге тырыстым, бірақ сәл жетпей қалды. Бұл сәтті бапкерлермен бірге әлі талдаймыз. Жалпы бүкіл жарыстағы ең үлкен кемшілігім осы болды деп ойлаймын.

Қалғаны өте жақсы өтті. Қатты қалып қоймадым. Бапкерлерім жарыс барысында жақсы бағыт-бағдар беріп отырды. Бастапқы екпінім аса жоғары болған жоқ. Бірақ жарысты тым жылдам бастау әрдайым жақсы бола бермейді. Ерте қарқын алып, соңында әлсіреп қалу қаупі бар.

Сондықтан жарыс басталғаннан кейін орташа қарқынмен жүрдім. Бірінші айналымнан кейін аздап артта келе жаттым. Ату айлағын бір айып айналымымен шықтым. Ол кезде айырмашылық 9 секундтай болды. Бірақ жарыс барысында қарқынды күшейтіп, уақыт айырмасын азайта бастадым. Нәтижесінде өзіме қажетті жылдамдықты ұстап, алтын медаль иелендім.

Бұл – өте маңызды жарыс, өте маңызды медаль. Тек мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін, еліміздің спортшылары үшін де. Азия ойындары – Олимпиададан кейінгі ең ірі додалардың бірі. Сондықтан кез келген жүлде бізге өте қажет, әрі бағалы. Ал біз бірден екі медаль жеңіп алдық – алтын және күміс!

Мұндай жетістікке жеткенімізге өте қуаныштымын. Бұл бізге алдағы жарыстарға үлкен сенімділік береді. Бірақ демалуға уақыт жоқ. Келесі жарыс – Әлем чемпионаты, одан кейінгісі – Әлем кубогы кезеңдері. Жалпы жарыстар жалғаса береді, өйткені Олимпиадаға жолдама алу үшін ұпай жинауымыз керек.

Сондай-ақ әрдайым өзіңнің командалас әріптесіңмен бірге халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген ерекше қуаныш сыйлайды. Вадимді жүлдесімен құттықтағым келеді. Оның да жеңіс тұғырында тұрғаны тамаша сезім. Себебі біз бірге жаттығып, көп сәттерді бірге өткеріп жүрміз," - деді Владислав Киреев.

Еске сала кетейік, 10 шақырымдық спринтте биатлоншы отандасымыз Вадим Куралес Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Ол мәре сызығын екінші болып кесіп, Владислав Киреевтен +25,7 секундқа қалып қойған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2219784-aziadada-biatlonnan-altyn-medal-algan-vladislav-kireev-zharystan-keiingi-algashqy-aserin-bolisti/