Көкпардан Қазақстан чемпионаты: жүлде қоры 12 млн теңге болған жарыста кім жеңімпаз атанды
Опубликовано:

Жамбыл облысының командасы көкпардан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарып, бас жүлдені еншіледі. Бұл туралы еліміздің Көкпар федерациясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Алматы облысында көкпардан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының 19-чемпионаты мәресіне жетті.
Финалдық ойында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының жастар құрамасы кездескен.

Ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталған. Тартысқа толы финалда Жамбыл облысының көкпаршысы Арнұр Асен "алтын салым" салып, командасына жеңіс сыйлаған. Осылайша, Жамбыл облысының құрамасы Қазақстан чемпионы атанса, Шымкент қаласынан келген жастар күміс жүлде иеленген. Ал қола жүлде Алматы облысының командасына бұйырған.

Ал Алматы облысының сапында өнер көрсеткен 18 жастағы Нұржігіт Пермебай 15 салым салып, чемпионаттың үздік ойыншысы атанған.

Сондай-ақ алғаш рет ел чемпионатында жақсы өнер көрсеткен ат иелері де марапатталған. Алматы облысы командасының сапында ойнаған Хадия атты ат "Үздік қорғаушы ат" деген атаққа ие болған. Иесі – Елдос Тлебалдиев.

"Үздік шабуылшы ат" номинациясына Шымкент қаласының құрамында өнер көрсеткен Жарқынбек Нұрболдың Ахилес атты аты ие болған. Жамбыл облысы сапында өнер көрсеткен Нұрдаулет Момыновтың Көкдауыл аты "Үздік жекпе-жек ат" деп танылған.

Айта кетейік, ел біріншілігіне 13 команда, 156 спортшы қатысқан. Чемпионаттың жүлде қоры 12 миллион 350 мың теңгені құрап, командаларға келесідей үлестірілген:
- 1-орын алған Жамбыл облысына 2,1 млн теңге;
- 2-орын алған Шымкент қаласына 1,1 млн теңге;
- 3-орын алған Алматы облысына 1 млн 350 мың теңге;
- 4-орын алған Атырау облысына 600 мың теңге;
- 5-орын алған Түркістан облысына 1,1 млн теңге;
- 6-орын алған Маңғыстау облысына 700 мың теңге;
- 7-орын алған Қарағанды облысына 400 мың теңге;
- 8-орын алған Қызылорда облысына 800 мың теңге;
- 9-орын алған Жетісу облысына 450 мың теңге;
- 10-орын алған Алматы қаласына 400 мың теңге;
- 11-орын алған ШҚО-ға 200 мың теңге;
- 12-орын алған Ақтөбе облысына 200 мың теңге берілген.