Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өмірі голливудтық фильмге арқау болған": Париж әуежайында 18 жыл бойы тұрған ирандық көз жұмды

Опубликовано:

Мехран Карими Нассери
Мехран Карими Нассери. Фото: Christophe Calais/Corbis/Getty Images

Париждегі Шарль де Голль әуежайының ғимаратында 18 жыл бойы тұрған ирандық Мехран Карими Нассери өткен сенбі, 12 қараша күні өмірден өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Әуежай өкілдерінің France-Presse агенттігіне берген мәліметінше, Нассери соңғы бірнеше апта бойы тұрған 2F терминалында қайтыс болған.

Басылымның атап өтуінше, Нассери 1945 жылы Иранның Хузестан провинциясында дүниеге келген. Ол 1988 жылы Еуропаға кеткен анасын іздеп барған. Алайда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін полиция тұзағына түскен. Қажетті құжаттардың болмауы себепті Нассери Ұлыбританиядан, Нидерландыдан және Германиядан қуылған. Содан кейін ол Париж әуежайына қоныстануға мәжбүр болған.

Сөйтіп Нассери Шарль де Голль әуежайының 2F терминалына заттары салынған шабаданмен жайғасқан. Ол күнін газет-журнал оқумен және өз өмірі жайлы қойын дәптеріне жазумен өткізген.

Айта кетейік, Мехран Карими Нассеридің Францияға кіруге де рұқсаты болмаған.

Нассеридің оқиғасы әлемдік БАҚ пен Голливуд режиссері Стивен Спилбергтің назарын аударды. Режиссер Том Хэнкс пен Кэтрин Зета-Джонс басты рөлдерде ойнаған "Терминал" фильміне дәл осы Иран азаматының өмірі арқау болған.

Фильм премьерасынан кейін Нассери күніне алты рет сұхбат берген кездері болған. Осыдан соң ол өзін "Сэр Альфред" деп атай бастаған.

1999 жылы Францияда босқын мәртебесін алғанына қарамастан, Нассери 2006 жылға дейін әуежайда тұрған. Ал 2006 жылы ауруына байланысты ауруханаға жатқызылған. Осыдан кейін ол фильмнен түскен ақшаға хостелдерде тұрып келген.

Алайда бірнеше күн бұрын Нассери 2F терминалына қайта оралып, сол жерде көз жұмған. Әуежай өкілдерінің мәліметінше, оның қалтасынан бірнеше мың еуро қолма-қол ақша табылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1997126-omiri-gollivudtyq-filmge-arqau-bolgan-pariz-auezaiynda-18-zyl-boiy-turgan-irandyq-koz-zumdy/

pixel