Аустралияда балабақша ғимаратына әлемдегі ең улы жылан кіріп кеткен
Жарияланған күні:
Әлемдегі ең улы жыландардың бірі саналатын торлы қоңыр жылан Австралияның Квинсленд штатындағы Нарангба қаласындағы балабақшаға кіріп кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, балабақша қызметкерлері жыланды ғимараттың кіреберісінен байқаған. Олар бауырымен жорғалаушыдан қорықпай, балалар жатқан бөлмелердің есігін жауып, аумақты қоршауға алып, жылан аулаушыны шақырған.
Оқиға орнына келген жылан аулаушы Стивен Браун екі минут ішінде 70 сантиметрлік бауырымен жорғалаушыны ұстаған. Кейін оны үйлерден және жолдардан аулақ жерге апарып, босатып жіберген.
Стивен Браун улы жыланның балабақшаға енгенін естіп, қатты уайымдаған. Өйткені оқиғаның соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін еді, дейді ол. Алайда балабақша тәрбиешілері дұрыс жұмыс істеп, улы жылан ғимараттан дер кезінде шығарылған.
"Балалар не болып жатқанын білмеді, ал қызметкерлер барынша қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бәрімізді таңғалдырды", - дейді жылан аулаушы.
Маманның сөзінше, жыландар ыстық күндері демалуға ыңғайлы жер іздеп, салқын ғимараттарға кіруі мүмкін.
Айта кетейік, торлы қоңыр жыландар әлемдегі ең улы жыландар қатарына жатады. Олардың уы адамның бас айналдырып, диарея, құрысу, бүйрек жеткіліксіздігі, сал ауруы және жүректің тоқтап қалуына әкеп соғуы ықтимал. Австралияда жылан шағудан өлгендердің 60 пайызы дәл осы бауырымен жорғалаушының уынан көз жұмған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1998511-australiyada-balabaqsa-gimaratyna-alemdegi-en-uly-zylan-kirip-ketken/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.