Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

Тегерандағы әйгілі мұнара жанында билеген биін желіге салған ирандық жұп 10 жылға сотталды

Жарияланған күні:

Азади мұнарасының жанында билеп тұрған ирандық жұп
Азади мұнарасының жанында билеп тұрған ирандық жұп. Видеодан кадр: twitter.com/KhosroKalbasi

Ирандық жұп ел астанасының символы саналатын, халық арасында "Тегеран қақпасы" атымен танымал Азади мұнарасының жанында түсірілген видео үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар әйгілі қақпаның маңында билеген биінің видеосын әлеуметтік желіге салған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ BBC-дің Орыс қызметіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, 21 жастағы Астиаж Хагиги мен 22 жастағы күйеуі жігіт Амир Мұхаммед Ахмади "қоғамдық жезөкшелік пен азғындыққа ынталандыру" және "ұлттық қауіпсіздікті бұзу мақсатында жиын өткізгені" үшін кінәлі деп танылған.

Басылымның мәліметінше, жұптың романтикалық биінің видеосы Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған және миллиондаған қаралым жинаған. Сондай-ақ басылым Астиаж пен Амир Ирандағы танымал блогерлер екенін олардың желідегі аккаунтына көптеген адам жазылғанын атап өтті.

Басылымның хабарлауынша, соңғы айларда Иран билігі әйелдер құқығын қолдайтын науқанға қатысқан адамдарды қудалауды жалғастыруда.

Айта кетейік, елдегі жаппай наразылықтар былтыр қыркүйек айында 22 жастағы Махса Амини есімді бойжеткеннің өлімінен кейін басталған еді. Оны ислам әдеп полициясы хиджабты дұрыс кимегені үшін ұстаған болатын. Кейін ол полиция бөлімінде қайтыс болды. Марқұмның туыстары мен оны қамауға алған кездегі куәгерлер қызды ұрып-соққан деп санайды.

Наразылыққа Махса Аминидің өлімі себеп болса да, оған қатысушылар әйелдер құқығын қорғап қана қоймай, басқа да саяси талаптар қоюда. Иранның көптеген тұрғыны кедейлікке, жұмыссыздыққа, сыбайлас жемқорлыққа және әділ соттың жоқтығына наразы.

Сонымен қатар басылым ресми белгілер бойынша Астиаж пен Амиридің желіге салған биінің видеосының астарында ешқандай саяси мүдде жоқ екенін, жас жұп оны Аминиді қолдайтын шерулермен де байланыстырмағанын жеткізді.

Алайда видеода Астиажда Ирандағы қолданыстағы Ислам ережелеріне сәйкес хиджаб жоқ. Иранда әйелдерге көпшілік алдында билеуге, әсіресе ер адаммен билеуге тыйым салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2007619-tegerandagy-aigili-munara-zanynda-bilegen-biin-zelige-salgan-irandyq-zup-10-zylga-sottaldy/