"34 пункт бойынша айып тағылды": Дональд Трамп қамауға алынып, екі сағаттан кейін қайта босатылды
Жарияланған күні:
Қамауға алынған АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа Нью-Йорктегі сот отырысында 34 пункт бойынша айып тағылды. Алайда Ақ үйдің бұрынғы басшысы өзіне тағылған айыптың ешқайсысын мойындамаған.
CNN-ның жазуынша, Дональд Трамп 4 сәуір күні қамауға алынғанымен, сотта оған айып тағылғаннан кейін босатылған. Ресми қамауға алу оған қатысты айыптау қорытындысы жарияланғанға дейін яғни шамамен екі сағатқа созылған.
Сотта саясаткерге компроматтар мен заңсыз әрекеттерді жасыру мақсатында іскерлік құжаттаманы бұрмалау, сондай-ақ 2016 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде қаражатты мақсатсыз пайдаланды деген айып тағылған.
Бұл айыптаулар порнографиялық актриса Сторми Дэниэлске олардың қарым-қатынасы туралы үндемеу үшін 2016 жылғы президенттік науқан кезінде актрисаға ақша төленді деген күдікпен тергеу жүргізілуіне байланысты туындап отыр.
Тілшілердің айтуынша, айыпталушы Трамп бірде-бір тармақ бойынша өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Прокурорлар бұрынғы президентке қарсы айыптау қорытындысын жариялап және оның көшірмесін фактілер туралы баяндамамен бірге саясаткердің адвокатына тапсырған.
Прокурорлар сонымен қатар Трамптың саусақ іздері алынғанын айтты. Сот процессі барысында қорғалушы тарапқа саусақ ізі парағының көшірмесі ұсынылған. Айып тағылған соң Дональд Трамп қамаудан босатылып, ол сот ғимаратынан шығып кеткен.
Басылымның хабарлауынша, бұрынғы президент сот ғимаратынан шыққан соң, Флоридада жоспарланған іс-шараға қатысу үшін сол жаққа ұшып кеткен.
Басылым Дональд Трамптың ісі бойынша келесі сот отырысы 4 желтоқсанға белгіленгенін, тыңдаулар Нью-Йоркте өтетінін атап өтті.
Айта кетейік, Дональд Трамп ресми түрде қылмыстық бап бойынша айып тағылған АҚШ тарихындағы алғашқы президент болып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2015473-34-punkt-boiynsa-aiyp-tagyldy-donald-tramp-qamauga-alynyp-eki-sagattan-keiin-qaita-bosatyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.