Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бейжіңде метро пойызы соқтығысып, 500-ден астам адам ауруханаға түсті

Опубликовано:

Бейжің метросы
Бейжің метросы. Көрнекі сурет: Costfoto/NurPhoto via Getty Images

Бейжіңде екі метро пойызының соқтығысуы салдарынан 500-ден астам адам ауруханаға жеткізілді. Оның 102-сі ауыр дене жарақатын алған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Оқиға бейсенбі күні кешкі уақытта орын алған. Соқтығысқа қалың жауған қар себеп болған.

Жұма күні таңертең зардап шеккен 423 адам ауруханадан шығарылған.

Ал 67 адам дәрігерлердің бақылауында болса, олардың 25-і қосымша күтімді қажет етеді.

Қытай астанасындағы қоғамдық көліктерде мұндай оқиғалар жиі бола бермейді.

"Қолайсыз ауа-райы сигнал беру жүйесінің істен шығуына әкеліп соққан. Ал пойыздардың бірі мәжбүрлі түрде тежеуді күрт басып, артында келе жатқан пойыз тоқтап үлгермеген", - деп түсіндірді Бейжің көлік департаменті.

Соқтығыс салдарынан пойыздардың бірінің екі вагоны рельстен шығып кеткен. Оқиға орнынан түсірілген көптеген бейнежазбалардан екі пойыздың да жолаушыларға лық толы болғанын байқауға болады.

Пойыздарда жарық өшіп, адамдар қараңғыда, кептелісте қалған. Кейбіреулер әйнекті сындырып, ішке таза ауа жіберу үшін апаттық балғаларды пайдаланды. Көптеген қытайлық әлеуметтік желіде көлік органдарын сынап, желіде пікір қалдырған.

"Пекин метросында шынымен де жолсерік жоқ па? Тұрақты тексерулер жоқ па? Біз жүздеген адамның өмірін тым жеңіл қабылдаймыз ба", - деп жазды Weibo қолданушыларының бірі.

Айта кетейік, Бейжің метросы муниципалды үкіметтің бақылауында. Бұл желі қала арқылы өтетін 27 метро және теміржол желілерінен тұрады.

Метро басқармасы оқиға үшін кешірім сұрап, зардап шеккендердің медициналық төлемдерін өтейтінін хабарлады.

Ал ведомства мәліметінше, қолайсыз ауа райы жағдайында мұндай апаттардың алдын алу үшін пойыз рейстері арасындағы үзіліс ұлғайтылған. Ал жер үсті пойыздары қолмен басқарылатын болады.

Сондай-ақ қалың жауған қар Бейжіңдегі әуе қатынасы жұмысын да тоқтатты. Метеорологтар алдағы күндері Қытайдың көптеген аймақтарында, әсіресе солтүстікте ауа температурасы одан әрі төмендейтінін ескертті.

Бейжіңде демалыс күндері -20 градустан төмен болады деп күтілуде. Бірқатар қалаларда билік мектептерді жауып, пойыз қатынасын толығымен тоқтатты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2051130-beizinde-metro-poiyzy-soqtygysyp-500-den-astam-adam-auruxanaga-tusti/