Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлемде 2023 жылы қандай саяси оқиғалар болды: жыл қорытындысы

Опубликовано:

2023 жылғы басты саяси оқиғалар
2023 жылғы басты саяси оқиғалар. Фото: NUR.KZ коллажы

Шығарып салғалы отырған 2023 жыл әлемде саяси оқиғаларға толы болды. KAZ.NUR.KZ тілшісі қазақстандық оқырманға маңызды болады деген басты оқиғаларға шолу жасады.

Украинадағы соғыс

Бүгін Ресей "әскери операция" деп айдар таққан соғыстың 666-шы күні. Қақтығысқа түскен елдердің президенттері таяуда ғана баспасөз мәслихатын өткізіп, әрқайсы өз тарапынан соғысты бағалап көрді. Ресей президенті Владимир Путин соғыс басталғалы алғаш рет төрт сағаттық эфирге шыққан.

Путиннің негізгі риторикасы "НАТО жақындап келедіден" айнымады. "НАТО-ның шекарамызға тоқтаусыз жақындауы қазір біз көріп отырған қайғылы оқиғаларға әкеп соғып жатыр. Ресейді арнайы операция бастауға мәжбүр етті", - деген көрші ел президенті оккупациялық пиғылын осылай ақтады.

Мәселен биылғы ақпандағы жолдауында РФ басшысы "Жақсы білесіздер, бұл мәселені бейбіт жолмен шешу үшін қолдан келгенді жасадық, сабырмен осы ауыр қақтығыстан шыққымыз келді", - деді. Демилитаризация және денацификация мақсатымен басталған соғыстың бүгінгі мақсаты теріс айналып, өз алғышарттарына қарсы шыққандай.

Гаага соты Путинді тұтқындауға ордер берді

18 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындауға халықаралық ордер берді. Олар "украин балаларын депортациялады" деп айыпталды.

Ресей билігі бірден реакция танытты: РФ Халықаралық қылмыстық сотты мойындамайды және оның негізгі құжатын, Рим жарғысын ратификациялаған жоқ. Бұл туралы ордерлер туралы жаңалықтарға жауап бере отырып, Ресей СІМ өкілі Мария Захарова мәлімдеді.

Владимир Путин
Владимир Путин. Фото: t.me/news_kremlin

Шын мәнінде халықаралық заң сарапшылары бұл ордердің талабын орындау қиынға соғатынын айтады.

ХҚС-ты мойындайтын Рим жарғысының мүшелері (мысалы, Ресеймен әуе байланысы бар Тәжікстан) күдіктіні тұтқындау және сотқа беру туралы бұйрықты орындауға міндеттеме алады. Бірақ ХҚС-тың қандай да бір мемлекетті міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін ешқандай құралы жоқ.

Украина билігі ұстанымын өзгертпеді

Ал Украина президенті Владимир Зеленский күні кеше өткізген баспасөз мәслихатында "Біз тәуелсіз Украина үшін, болашағымыз үшін күресіп жатырмыз. Ресей бізге таңуға тырысқаны үшін емес (соғысты айтады - ред.ескертпесі)", - деді Зеленский.

Зеленский Украинаның оккупацияланған аумақтарын қайтарып алмайынша, Ресеймен соғыс аяқталмайтынын нықтап айтты.

Владимир Зеленский
Владимир Зеленский. Фото: Ozge Elif Kizil/Anadolu via Getty Images

Бүгінде қос тараптан да қаза тапқандар саны әрқилы. Билік мәлімдемелері мен БАҚ-тағы мәліметте РФ тарапы 39 424 әскери қызметкерінен айырылған. Бұл шетелдік және ресейлік БАҚ аты-жөні анықталған әскерилердің саны ғана екенін ескеруіміз керек. Кей дереккөзде 100 мыңнан асатын көрсеткіш айтылады. Қаза болғандардың денесі де туыстарына берілмей, "ұшты-күйлі жоғалғандар" тізімінде жүрген жағдайлар кездеседі. Украина тарапына ойыссақ, мерт болған әскерилер саны әртүрлі бағалау бойынша, 70 мыңға дейін барады.

Пригожиннің бүлігі мен ақыры

23 маусымда "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин Дондағы Ростовқа кіріп, Мәскеуге қарай бет алып, қарулы бүлік шығарды.

Мұның бәрі 23 маусымда таңертең Пригожиннің үлкен сұхбатында Украинаның Ресейге шабуыл жасағысы келмегенін және соғысты Ресей федерациясының билігіндегі олигархиялық топ пен бас штабы туралы мәлімдемесінен басталды. Түстен кейін Пригожин РФ Қорғаныс министрлігін вагнершілердің орналасқан жеріне соққы жасады деп айыптап, елдің әскери басшылығының зұлымдықтарын тоқтатуға шақырған. Ол оған бас штаб бастығын, Ресейдің қорғаныс министрін беруді талап етті.

Көп ұзамай жағдайға қатысты РФ президенті Владимир Путин пікір айтты.

"Әскери көтерілісті ұйымдастырған және дайындаған, жауынгерлік жолдастарына қару көтерген адам Ресейге опасыздық жасады. Бұл ісі үшін жауап береді. Осы қылмысқа араласуға тырысқандарды өлімге әкелетін және қайғылы, қайталанбас қателік жасамауға, жалғыз дұрыс таңдау жасауға - қылмыс әрекеттеріне қатысуды тоқтатуға шақырамын", - деп мәлімдеді Путин.

Евгений Пригожин
Евгений Пригожин. Фото: Stringer/Anadolu Agency via Getty Images

Кейін жағдайды Беларусь президенті Александр Лукашенко шешті, ол кейіннен армияны модернизациялау үшін республикада кәсіпкер мен жалдамалыларды өз елінде қабылдады.

23 тамызда Евгений Пригожин Тверь облысында ұшақ апатынан қаза болды. Онымен бірге "Вагнер" ЖӘК командирі Дмитрий Уткин, бірнеше жалдамалы және жеке ұшақтың бүкіл экипажы опат болды.

Владимир Путин "опасыз соққы" деп атаған бүлік осылайша ұзаққа созыла қоймады, бірақ РФ президентіне бұл оқиға 23 жыл қызметіндегі ең үлкен сынақ болды.

ХАМАС-тың Израильге шабуылы

7 қазан әлемді екіге бөлген оқиға болды: бірқатар елде террористік деп танылған ХАМАС қозғалысы Израильге шабуыл жасады. Электронды музыка фестиваліне келушілер олардың бірінші нысаны болды. Мұнда 260-қа жуық адам қаза болды. Көпшілігі шетел азаматы екені айтылды. Шабуылдаушылар оларды ұстап, кейбірін оқиға орнында өлтіріп, кейбірін Газа секторына ұрлап әкетті. Бұдан кейін шабуылдаушылар Израильдің шағын елді мекендерінің тұрғындарын өлтіріп, кейбірін кепілге алды. Желіде шабуылдаушылар түсірген суреттер мен видеолар тарады.

Тұтқиылдан жасалған шабуылды Израиль билігі бірден "соғыс" деп атады. Бірден қарсы шаралар қабылданып, Цахал іске кірісті: қос тараптан бомбалау басталды. Салдарынан, кейінгі мәліметтер бойынша, Газа секторында 20 мыңға жуық адам қаза болғаны және 50 мыңға жуық адам зардап шеккені хабарланды.

Израиль бомбалауынан кейінгі Газа көрінісі
Израиль бомбалауынан кейінгі Газа көрінісі. Фото: SAID KHATIB/Getty Images

Цахал мәліметінше, қаза болған израильдік сарбаздар саны 500-ге жуықтады. ХАМАС-қа ойыссақ, мұнда қаза болғандар саны жөнінде ақпарат құпия. Алайда Цахал өкілдері қозғалыстың кейбір басшыларының көзі жойылғанын мәлімдеген.

Қарашаның аяғында Израиль билігі мен ХАМАС бес күндік бітім жариялап, бірқатар тұтқын алмасқан. Кейін соғыс қимылдары жалғасты. Бүгінде Израиль кепілге алынғандарды босатып алу үшін тағы да бітімге келу шарттарын ұсынып, қарсы тарап өкілдері әзірше уәж айтқан жоқ.

АҚШ-тағы Палестина халқын қолдау шеруі
АҚШ-тағы Палестина халқын қолдау шеруі. Фото: M. Scott Brauer/Getty Images

Еуропа елдері Израиль билігін жақтағанымен, әлем елдерінде палестиналықтарды қолдау акциялары жиіледі. Ең ірі шеру Ұлыбританияда, Францияда, АҚШ-та және Түркияда өтті.

Әлемде үшінші соғыс бола ма?

Әлем ендігі қақтығыс шығыстан, нақтырақ айтқанда, Қытай мен Тайвань арасындағы келіспеушіліктерден болады деп болжап отырғанда соғыс қаупі Оңтүстік Америкада туындады.

Желтоқсанның басында мұнайы көп Эссекибо өңірі талас-тартысқа себеп болды. Оңтүстік Америкадағы Венесуэла президенті Николас Мадуро Эссекибо өңірін аннексиялау жоспарын бастаған. Бұл көрші Гайана еліндегі территория және елдің үштен екі бөлігін алып жатыр. Венесуэлада осы территорияға суверенитет бекітуге 95 пайыз дауыс берілген.

Ал бұған жауап ретінде Гайана билігі ел қарулы күштерін жауынгерлік дайындық жағдайына қойған. Ал президент Ирфаан Әли БҰҰ бас хатшысымен келіссөз жүргізіп, бұл қақтығысқа араласуды сұраған. Гайана президенті мұнайлы өңірде жұмыс істейтін халықаралық инвесторларды сабырға шақырған. Айта кетейік, Эссекибо өңірі екі ғасырдан бері даулы аймақ саналады. Оның территориясында көбінде америкалық мұнай компаниялары жұмыс істейді. Халық саны 1 миллионға да жетпейтін Гайанада Араб әмірліктеріндегі мұнай қорынан да көп байлық бар.

Кейінірек Венесуэла мен Гайана мұнай аймағының айналасында бейбіт диалог құруға келісті. Венесуэла мен Гайана басшылары екі елді де ешқандай жағдайда қауіп төндірмеуге міндеттейтін бірлескен декларацияға қол қойды.

Президенттер Николас Мадуро мен Ирфаан Әлидің кездесуі мемлекет астаналары Сент-Винсент пен Гренадина Кингстаунда өтті. Онда екі тарап кез келген дауды тек бейбіт жолмен шешуге міндеттелген құжатқа қол қойылды.

Таулы қарабақ дауы түпкілікті шешілді ме?

Тағы бір қақтығыс Әзербайжан мен Армения арасында болды. 20 қыркүйекте Таулы Қарабақ Әзербайжан территориясына қосылды. Осыдан бір күн бұрын Баку Ереванның "арандату әрекеттерін" үшін жоғары дәлдіктегі қаруды қолдана отырып, аймақта "терроризмге қарсы операцияны" бастаған.

Бұдан кейін Қарабақтағы армяндар артиллериядан шабуыл басталғанын хабарлады.

Қарулы қақтығыс Степанакертте басталған. Бейбіт тұрғындар жертөлелерге түсуге мәжбүр болған. Азаттық мәліметінше, 19 қыркүйекте сағат 11:10-да Әзербайжан күштері Қарабақтағы Аскеран ауданына шабуыл жасаған. Степанакертте әуе дабылы қағылған.

Таулы Қарабақ
Таулы Қарабақтан келген босқындар. Фото: Siranush Adamyan/AFP/Getty Images

Әзербайжан тарапының мәлімдеуінше, Қарабақтағы армян әскерилері автожолға диверсия жасап, танкіге қарсы мина қойған. Ал қарсы тарап – Қарабақтың әскері Бакудың бұл мәлімдемелерін жоққа шығарып, "Әзербайжан жалған ақпарат таратып, әскери шабуылға сылтау іздеп тапты" деді.

Әзербайжан қорғаныс министрлігі Қарабақтағы әскери операцияны "арандату әрекеттерін тыю үшін", "Армения қарулы күштерін Әзербайжанға тиесілі жерлерден шығару үшін", "Әзербайжанның бейбіт тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін" бастағанын мәлімдеді.

Атыс салдарынан 32 адам қаза тапты, оның ішінде 7 бейбіт тұрғын, 200-ден астам адам жараланды. Армения аумағына Қарабақтан мыңдаған армян босқыны келе бастады.

Ереванда оппозицияның жаппай наразылықтары басталды, Армения Таулы Қарабаққа "Әзербайжанның Қарулы шапқыншылығын" тойтаруға көмектеспеді. Мойындалмаған Таулы Қарабақтан айырылғаны үшін үшін оппозиция армян премьері Никола Пашинянды айыптап, отставкаға кетуін талап етті. Бұған дейін Пашинян Арменияның Таулы Қарабақты Әзербайжанның бір бөлігі ретінде танып, Баку тарапынан Қарабақ армяндарына қауіпсіздік кепілдіктерін бергенін мәлімдеген.

Финляндия НАТО-да, ал Швеция...

4 сәуірде Финляндия ресми түрде НАТО-ға кірді. Кейінірек Хельсинки мен Вашингтон 2024 жылдың соңына дейін елде ядролық қаруды сақтау үшін америкалық әскери базаларды орналастыруға келісті.

Осылайша Финляндия 75 жыл бойы ұстанған бейтараптықтан бас тартты. 2023 жылдың 31 наурызына қарай НАТО-ның барлық елі, соның ішінде Венгрия мен Түркия Финляндияның НАТО-ға кіруін ратификациялады.

Өз сөзінде НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг пен құжатқа қол қойған Финляндия мен Швеция СІМ басшылары бұл күнді "тарихи" деп атады. Олар екі елдің одаққа кіруі олардың қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жалпы НАТО қауіпсіздігін күшейтетінін атап өтті. Бұл отырыста Ресей туралы нақты айтылмады, бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруі екі бейтарап елдің солтүстік атлантикалық одаққа кіруге шешім қабылдауының басты себебі осы, дейді сарапшылар.

Түркия бір жылдан астам уақыт бойы Швецияның одаққа кіруіне қарсы болып, одан Күрдістан жұмысшы партиясының жақтастарын беруді талап еткен. Алайда кейінірек Түркия шешімді мақұлдайтыны хабарланып отыр.

АҚШ пен Қытай басшыларының кездесуі

Биылғы қарашада АҚШ президенті Джо Байден мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Сан-Францискода кездесті. Олардың келіссөзі 2022 жылғы АҚШ-ҚХР қатынастары салқындағаннан кейін алғаш рет өткен еді. Қос держава басшылары әскери ведомстволардың диалогын қалпына келтіруге келісті, сонымен бірге державалар бір-бірімен бәсекелес екені айтылды.

Араның салқындауына не себеп еді? Сәл шегінсек, 2022 жылғы көктемде Қытай өз аумағының бір бөлігі деп санайтын Тайвань аралына америкалық конгрессмендер тобы келшег. Сол жылдың тамыз айында аралға АҚШ Өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелоси келген. Оның осы лауазымдағы ізбасары, республикашыл Кевин Маккарти (қазір отставкада) 2023 жылдың көктемінде Лос-Анджелесте Тайвань президенті Цай Инвенді қабылдаған.

Джо Байден мен Си Цзиньпин
Джо Байден мен Си Цзиньпин: Brendan Smialowski /AFP via Getty Images

Қытай өз кезегінде Американы Тайвань билігімен байланыстан бас тартуға бірнеше рет шақырып, оларды Бейжің-Вашингтон қарым-қатынасындағы "алғашқы қызыл сызық" деп атаған.

Си Цзиньпин мен Байден биылғы кездесуінде Қытай мен АҚШ әскери күштері арасындағы байланысты жоғары деңгейде қалпына келтіруге келісті. "Біз тікелей, ашық, тікелей байланысқа ораламыз", - деді Байден.

ҚХР төрағасы өз кезегінде елдер "бүкіл әлемде бейбітшілік пен өркендеу жолындағы жаһандық сын-қатерлерді жеңу үшін біріге алады" немесе "ойынмен өмір сүріп, әлемді жарып жібере алады" деп атап өткен. "Біз Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты - қазіргі әлемдегі ең маңызды мемлекетаралық қатынастарды қарастырып, құруымыз керек", - деді Си Цзиньпин.

Си Цзиньпин келіссөздер кезінде ҚХР таяу жылдары Тайваньға қарсы соғыс қимылдарын бастауды жоспарламайтынын айтты. Осылайша Қытай басшысы Байденді Тайваньға қару-жарақ жеткізуді тоқтатуға және Қытайдың аралмен бейбіт "қайта қосылуын" қолдауға шақырды. Бұған жауап ретінде Америка президенті Бейжіңді аралдағы сайлау процесін және оның өзін-өзі анықтау құқығын құрметтеуге шақырды.

Алайда кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Байден қытайлық әріптесін "диктатор деп санайтынын тоқтатпайтынын" мәлімдеді. Байденнің бұл сөзін ҚХР СІМ өкілдері "жауапсыз және қате" деп атады. Ведомство мемлекеттердің қарым-қатынасын арандатуға және бұзуға тырысатын жасырын ниеті бар адамдар жетістікке жете алмайтынын атап өтті.

Содан бері қос тараптың ара-қатынасы әлем назарында.

Қырғыз билігі туды өзгерткісі келеді, халық қарсы

Қырғызстан парламенті туды өзгерту туралы заң жобасын талқылаусыз мақұлдады.

Қырғызстандағы Жогорку Кенеш депутаттары 20 желтоқсандағы отырыста екінші және үшінші оқылымдарда ел туын өзгерту туралы заң жобасын мақұлдады. Заң жобасын 59 депутат қолдады, халық сайлаған бес адам қарсы дауыс берді.

Қырғыз туындағы ұсынылып отырған өзгеріс
Қырғыз туындағы ұсынылып отырған өзгеріс. Фото: Заң жобасында көрсетілген үлгі

Заң күшіне енуі үшін оған президент қол қоюы керек. Туды өзгерту жөнінде ұсыныс жасағандар "тудағы түндіктің айналасынан шығып тұрған күн шапағы күнбағысқа ұқсайды" деген уәж айтқан.

Мемлекеттік жүйеге қарсы президент

19 қарашада бизнесмен Хавьер Милей Аргентинаның жаңа президенті болып сайланды. Сайлау науқанында ол елдің БРИКС-ке қосылу туралы өтінішін қайтарып алуға және мемлекетті күшейтуге уәде берді.

Бүгінде көптеген БАҚ жаңадан сайланған Аргентина президенті Хавьер Милейді ультра консервативті, оңшыл популист немесе оңшыл либертариан деп атайды. Милей, ең алдымен, өзін монархист, либертариан немесе классикалық либерал ретінде сипаттайды, сонымен қатар теориялық тұрғыдан анархо-капитализм мен палеолибертарианизмді ұстанады. Ол минималистік үкіметті қолдайды.

Хавьер Милей
Хавьер Милей. Фото: Tomas Cuesta / Getty Images

Хавьер Милей мемлекет байлықтың жауы, ал кейнсиандық экономика зұлымдық деп санайды. Айта кетейік, кейнсианизм - макроэкономикалық теория, ол қоғамды экономикалық құлдыраудың жағымсыз әсерінен қорғау үшін экономиканы мемлекеттік реттеу қажеттілігі идеясына негізделген. Милей социализм мен коммунизмге қатты қарсылық білдіріп, оларды азап пен аштықты тудыратын қатыгез жүйелер ретінде сынға алған.

Бір қызығы, ол білім министрлігі, әлеуметтік даму министрлігі және денсаулық сақтау министрлігі сияқты ірі ведомстволарды жоюға немесе біріктіруге шақырған. "Мемлекет шешім емес. Мемлекет - проблема", - дейді Милей.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2051739-alemde-2023-zyly-qandai-sayasi-oqigalar-boldy-zyl-qorytyndysy/

pixel