Путин Украинамен соғыс туралы: Біз де қақтығысты аяқтағымыз келеді
Жарияланған күні:
Ресей президенті Владимир Путин ресейлік әскерилермен кездесуінде РФ Украинамен қақтығысты аяқтағысы келетінін мәлімдеді. Бірақ ол Ресей ұсынған шарттармен аяқтау керегін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлайды.
Ресей федерациясының басшысы Украинамен соғыста зардап шеккен ресейлік әскери қызметкерлермен кездесу үшін Вишневский атындағы әскери госпитальға барды.
"Біз де қақтығысты аяқтағымыз келеді. Мүмкіндігінше тезірек. Тек өз шарттарымызбен. Бізде шексіз күресуге деген құлшыныс жоқ. Бірақ біз өз позициямызды бермейміз. Міне, сіздер соғысып, жарақат алдыңыздар. Енді бәрін тастап кетеміз бе? Мұнда камера жұмыс істеп тұр. Әйтпесе қазір қолыммен белгілі бір ишараны көрсетер едім. Қандай ишара екенін білесіздер. Сондықтан бұлай болмайды", - деді Ресей федерациясының президенті.
Сондай-ақ ол Белгородқа жасалған соққылар туралы пікір білдіріп, Киевтің "ел ішінде қорқытып, сенімсіздік тудырғысы келетінін" айтты. Путин ресейлік қалаға жасалған соққыны теракт деп атады.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Украина бүкіл аумағында әуе дабылы қағылып, содан кейін бірқатар жарылыс болған.
БАҚ мәліметінше, Украинаның қалаларында камикадзе дрондарының кезекті шабуылынан кейін түрлі типтегі 100-ден аса зымыран ұшырылған. Кем дегенде 18 бейбіт тұрғын қаза тауып, қазір құрбан болғандар саны артып жатыр. Днепропетровск облысында алты адам қаза болды, осынша адам Запорожьеде, үш адам Киев пен Одессада қаза болды, Харьков пен Львовта да адам шығыны бар.
Бұған жауап ретінде Украина Ресейдің Белгородына соққы жасады. Ресейлік ТЖМ өкілдері кем дегенде 20 адам қаза болғанын және 100-ден аса адам жарақат алғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2053550-putin-ukrainamen-sogys-turaly-biz-de-qaqtygysty-ayaqtagymyz-keledi/