Украина әскері Авдеевкадан кетуге мәжбүр болды: енді не болады
Жарияланған күні:
Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский сенбіге қараған түні Донецк облысындағы Авдеевкадан украин күштері шығарылғанын хабарлады. Ресейліктер украин әскерилерінің бір бөлігін қоршап алып, бұл ел әскерінің қорғану үшін қару-жарақ жеткізілген соңғы үлкен жолды жауып үлгерді.
"Авдеевка төңірегінде қалыптасқан жедел жағдайды бағамдай отырып, қоршауда қалып қоймау үшін және әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау үшін біздің бөлімшелерімізді қаладан шығару және тиімді шекараларда қорғанысқа көшу туралы шешім қабылданды", - делінген Сырскийдің Facebook-тегі хабарламадасында.
"Таврия" әскери тобының қолбасшысы Александр Тарнавский "жеке құрам шығып үлгергенін" айтып, украин әскери күштері "белгілі бір шекараларда қорғаныс орындарында бекіді" деп мәлімдеді.
Ресей әскерилері 2022 жылдың ақпанында толыққанды шабуыл басталғаннан бері Авдеевканы басып алуға бірнеше рет тырысқан. Бұл қалаға ауқымды шабуыл 2023 жылдың күзінен бастап жүргізілді.
Ресей билігіне жақын дереккөздер Кремльден Владимир Путиннің қайта сайлану қарсаңында Украинаға қарсы жүргізген соғыстағы жетістіктерін көрсету үшін наурыздағы президенттік сайлауға дейін бұл қаланы басып алу туралы нұсқау берілгенін хабарлады.
Украинаның қорғаныс күштері ұзақ уақыт бойы қорғана білген, қаңтар айының аяғында сарапшылар қиын жағдай туралы және гарнизонды шығару қажеттілігі туралы айта бастаған, бірақ әскерилер сол күйі қаладан шықпаған.
Авдеевка - 10 жыл бұрын - 2014 жылдың көктемінде орыс әскерилерінің қолдауымен ресейшіл сепаратистер басып алған Донецк маңындағы шағын өнеркәсіптік қала.
Осы жылдар ішінде Авдеевкаға күшті қорғаныс бекіністерін салған украин әскерилері иелік еткен. Тараптар жанасу сызығына жақын болғанына қарамастан, толыққанды соғыс басталғанға дейін қала дамып, экономикалық жағынан да өскен.
Ресейдің 2022 жылғы ақпандағы шапқыншылығы жағдайды өзгертті. Жергілікті зауыт тоқтады, тұрғындардың көпшілігі күнделікті жойқын бомбалаудан қашып, қаладан кетті.
Ресей армиясы қуатты қорғаныс желілерін кенеттен басып ала алмайтынына көз жеткізіп, авиациялық соққылар мен жаяу әскерлерге шабуыл жасау арқылы қаланы жоюға көшті.
Осы уақытқа дейін қала қаңырап қалды: қарқынды бомбалау мен әскери қимылдар салдарынан қаладағы барлық дерлік ғимарат қирады: көбі жермен жексен болған.
Екі жақ үшін де Авдеевка саяси және әскери маңызға ие. Ресей Донецк украиналық әскердің артилиясының атысын ұшырамауы үшін украин әскерилерін қауіпсіз қашықтыққа жылжытуға тырысты.
Украина үшін Авдеевка ірі теміржол торабы, қуатты өнеркәсіп орталығы, сондай-ақ Донецк үшін тұрақты ықтимал қауіп ретінде маңызды.
Одан бірнеше шақырым жерде Донецк, Горловка және Луганскті байланыстыратын жол бар. Егер оны кесіп тастаса, бұл ресейлік әскерлердің логистикасын едәуір қиындатады.
10 қазанда Ресей армиясы украин күштерін ығыстыруға тырысып, Авдеевкаға күшті шабуыл жасады.
Киевтің бағалауы бойынша, шабуылға Авдеевканы айналып өтіп, оны сақинаға алуға тырысып, оңтүстік және солтүстік қапталдан шабуыл жасаған 40 мыңға жуық ресейлік сарбаз қатысқан.
Украина билігі ресейліктер үлкен шығынға ұшырағанын мәлімдеді - шабуылдың алғашқы айында 10 мыңға жуық жауынгер қаза болған.
Украина қорғаныс күштері бас штабының деректері тәуелсіз көздерден әзірше расталған жоқ, бірақ әлеуметтік желілерде Авдеевка маңындағы ресейлік бронды колонналардың жойылғаны түсірілген видеолар бар.
Қаңтарда Ресей әскерилері қалаға кіріп, көшедегі шайқастарды бастаған. Олар осылайша Украина гарнизонына қару-жарақ жеткізілетін негізгі жолға жақындаған.
Ақпанның басында украиналықтардың бұл қаладағы жағдайы мүшкіл болды, бірқатар әскери шолушы қоршауға тап болуы мүмкін деген қатер барын мәлім еткен. Бірақ Киев Авдеевкадан кетуге бұйрық бермеді және ең тәжірибелі бөлімшелерді күшейтуге жіберді.
Бұл әскери сарапшылар ескерткен Бахмуттың жағдайын қайталады. Ақпан айының ортасындағы жағдай бойынша, Украина қорғаныс күштері сарбаздарының шығуы үшін қауіпсіз дәліз небәрі 4-5 шақырым болған еді.
Үлкен шығындарға қарамастан, Кремль осы бағыттағы мақсаттарына жетті. 2014 жылдан бері өзгермеген Украина қорғаныс күштерінің соңғы қорғаныс желісі құлады.
Енді Ресей армиясының келесі маңызды мақсаты Авдеевкадан батысқа қарай 30 км жерде Селидово қаласы немесе Селидоводан солтүстік-батысқа қарай 12 км жерде орналасқан Покровск қаласы болуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2061508-ukraina-askerileri-avdeevkadan-ketuge-mazbur-boldy-endi-ne-bolady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.