Ибрахим Раиси: қаза тапқан Иран президенті туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Иран президенті Ибрахим Раиси ұшақ апатынан қаза тапты. Президент мінген тікұшақ Шығыс Әзербайжанда (Иран провинциясы) орманға құлаған. Иран басшысы кім болғанын және қандай еңбек сіңіргенін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
1960 жылы 14 желтоқсанда Хорасан-Резави провинциясындағы Мешхедте діни қызметкердің отбасында дүниеге келген. Бес жасқа толғанда әкесі қайтыс болады. 15 жасында шейіттерге арналған әлемдегі жетекші теологиялық оқу орындарының бірі саналатын Құм қаласының теологиялық семинариясына оқуға түседі. Кейінірек Тегерандағы Шахид Мотахари атындағы университетте заң ғылымдарының докторы дәрежесін алған.
Студенттік жылдары Раиси 1979 жылғы Ислам революциясы мен монархияның жойылуына әкелген халық толқуларына белсене қатысты.
"Еңбек жолын 1980-жылдары прокурор ретінде бастаған ол арнайы комитетке қосылады. Бұл комитет 1988 жылы аятолла (ислам құқығы жөнінен өздігінен шешім шығара алатын адамға берілетін атақ) режиміне қарсы шыққан радикал солшыл Иран халқының моджахедтер ұйымы мүшелерін – мыңдаған саяси тұтқынды өлім жазасына кескен. Осы оқиғалар үшін Раиси "Тегеран қасапшысы" деген лақапатқа ие болды", - деп жазады Rbc.ru агенттігі.
2019 жылы АҚШ үкіметі оны "қылмыс жасау кезінде кәмелетке толмаған тұлғаларды жазалауды қадағалағаны үшін, сондай-ақ ирандық тұтқындарды азаптау немесе жазалау, соның ішінде аяқ-қолды кесу сияқты қатыгез, адамгершілікке қарсы немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер үшін" санкциялар тізіміне енгізді.
1989 жылы Раиси прокурор қызметіне тағайындалып, 2004 жылы Жоғарғы сот төрағасының орынбасары болды. 2014 жылы Иранның бас прокуроры болып тағайындалғанға дейін он жыл бойы осы қызметті атқарды. 2016 жылы Раиси Ирандағы ең ірі діни қор "Астан Кодс Разавиді" басқарды.
2017 жылы Иран президенттігіне үміткер болды, бірақ сол кездегі президент Хасан Роуханиден жеңіліп қалды. 2021 жылғы келесі президенттік сайлауда Раиси консерватив топтардың қолдауымен және 62 пайыз дауыспен жеңіске жетті (Ислам республикасы тарихындағы сайлауға келушілер саны ең төмені болды).
2021 жылғы президенттік сайлауға қатысу кезінде Раиси өзін үкіметтегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы екенін, Иранның мүддесін ескеретін халықаралық ядролық келісім жасау жөніндегі келіссөздерді қолдайтынын айтқан болатын.
"Сайлау науқаны барысында Раиси өзін қарапайым ирандықтардың атынан үміткер ретінде көрсетіп, Иран революциясының консерватив құндылықтарын қорғайтынын айтқан, сондай-ақ кедейлерге қамқорлық жасап, ақшалай жәрдемақыларды қайтаруға уәде берген", - деп жазады BBC Орыс қызметі.
Бұл жолдау кедейлікпен, жұмыссыздықпен, сондай-ақ инфляциямен күресуді жалғастырып жатқан миллиондаған ирандықтың көңілінен шықты және қарсыласының реформалар мен өзгерістер туралы уәделерінен де қатты әсер етті.
Сондай-ақ 2022 жылы Раиси Сириядағы қақтығысты шешу үшін Путинмен және Ердоғанмен бірге үшжақты саммитке қатысты.
Елдің бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер Ибрагим Раиси қайтыс болғаннан кейін Иран президентінің міндетін атқарушы болады. Иран Конституциясына сәйкес, мерзімінен бұрын президент сайлауы 50 күн ішінде өтуге тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2103629-ibrahim-raisi-qaza-tapqan-iran-prezidenti-turaly-ne-bilemiz/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.