Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Платформаны өзгертеміз": Дуров қамауға алынғаннан кейінгі алғаш рет мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Павел Дуров
Павел Дуров. Фото: AOP.Press/Corbis/Getty Images

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Франция әуежайында қамауға алынғаннан кейін алғаш рет байланысқа шықты. Ол Telegram-дағы арнасында жазба жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кәсіпкер өзіне қолдау білдірген жандарға алғысын білдіріп, Франция билігінің неге байланысқа шықпағанын түсіне алмайтынын айтты.

"Өткен айда мен Парижге келгеннен кейін полиция мені төрт күн бойы сұраққа алды. Маған басқа адамдардың Telegram-ды заңсыз қолданғаны үшін жауапкершілікке мен тартылуым мүмкін екенін айтты. Себебі Франция билігі Telegram-нан жауап алмаған", - деді Дуров.

Ол бұл жағдай бірнеше себептер бойынша болғанын атап өтті:

  • Telegram-ның ЕО-да ресми өкілі бар, ол ұйымның сұрауларына жауап береді. Оның электронды поштасын Google-дан кез келген адам іздеп таба алады.
  • Франция билігінде Telegram-ның негізін қалаушымен хабарласуға көптеген мүмкіндік болды. Франция азаматы ретінде Дуров Дубайдағы Франция консулдығының жиі қонағы болған.

"Бір кездері мен оларға Франциядағы терроризм қаупімен күресу үшін Telegram-мен тікелей байланыс орнатуға жеке көмектескем", - деп қосты Дуров.

Кәсіпкердің сөзінше, егер ел интернет-сервиске наразы болса, сервистің өзіне қарсы сот ісін бастау керек. Ол бас директорды ол басқаратын платформаны басқа біреу қылмыс үшін пайдаланды деп тұтқындау дұрыс емес деп есептейді.

Ол технология жасаудың өзі күрделі екенін айтты. Егер жаңа құрал жасап, басқа біреу үшін сотталатынын білсе, ешкім ештеңе ойлап таппайды дейді ол.

"Құпиялылық пен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті табу — оңай емес. Сізге құпиялылық заңдарын құқық қорғау органдарының талаптарымен, ал жергілікті заңдарды ЕО заңдарымен келістіру қажет. Сондай-ақ технологиялық шектеулерді ескеру қажет.

Платформа ретінде бәрінің бүкіл әлем бойынша дұрыс болуын, сондай-ақ оларды заң үстемдігі әлсіз елдерде теріс пайдаланбауын қамтамасыз еткіміз келеді.

Біз осы үшін үнемі тырысамыз. Біз өз принциптерімізге адалмыз: біздің авторитарлық режимдерде қолданушыларымызды қорғағымыз келеді. Бірақ біз әрқашан диалогқа ашық болдық", - деді ол.

Ол елдің жауапты органымен әрқашан дұрыс келісу мүмкін емес екенін атап өтті. Мұндай жағдайларда Telegram елден кетуге дайын.

"Біз мұны талай рет жасадық. Ресей бізден "шифрлеу кілттерін" беруді сұрағанда, біз бас тарттық. Telegram-ға Ресейде тыйым салынды. Иран бізден бейбіт наразылық білдірушілердің арналарын бұғаттауды талап еткен кезде, біз бас тарттық – және Telegram-ға Иранда да тыйым салынды.

Біз өз принциптерімізге сәйкес келмейтін нарықтан кетуге дайынбыз. Өйткені біз мұны ақша үшін жасамаймыз. Біз құқықтар жиі бұзылатын жерлерде адамдардың құқығын қорғағымыз келеді", - делінген хабарламада.

Дуров Telegram-ның мінсіз емес екенін және мессенджердің жұмысын жақсартуға болатынын айтты.

"Біз күн сайын миллиондаған қауіпті жазбалар мен арналарды жоямыз. Біз күнделікті ашықтық есептерін жариялаймыз. Бізде жедел сұраулар үшін үкіметтік емес ұйымдармен тікелей байланыс бар.

Алайда біз мұның жеткіліксіз екені туралы естіп жүрміз. Telegram пайдаланушыларының саны 950 миллионға дейін күрт өсуі бақылауды қиындатты. Сондықтан мен осыны түзеуді өзіме мақсат етіп қойдым. Біз бұл жұмыстарды бастап кеттік. Тамыздағы оқиғалар Telegram-ды және бүкіл әлеуметтік медиа индустриясын қауіпсіз әрі күшті етеді деп үміттенемін. Тағы да сүйіспеншілік пен мемдеріңіз үшін рақмет", – деп қорытындылады Дуров.

Дуровтың Францияда қамауға алынуы

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров 24 тамызда Францияда қамауға алынды.

Франциядағы БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Telegram-ның негізін қалаушы және бас директоры Павел Дуров жеке ұшағынан шығып бара жатқан жерінде ұсталған.

Кейін франциялық БАҚ Дуровты қамауда ұстау мерзімі ұзартылғанын мәлімдеді.

Бұл жайтқа америкалық журналист Такер Карлсон X әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдіріп, Павел Дуровтың қамауға алынуы шындық цензурасынан бас тартатын кез келген онлайн платформа иесіне ескерту екенін айтты.

Қазақстанның цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Дуровқа қолдау білдіретінін жеткізді.

Франция прокуратурасы Дуровтың ісіне байланысты мәлімдеме жасап, 12 қылмыс бойынша айып тағылғанын жария етті.

Одан бөлек, Франция президенті Эммануэль Макрон Павел Дуровтың тұтқындалуын "саяси шешім емес" екенін мәлімдеді.

БАӘ Сыртқы істер министрлігі Павел Дуровтың қамауға алынуына қатысты мәлімдеме жасады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрлігі Ле-Бурж әуежайында француз билігі тұтқындаған БАӘ азаматы Павел Дуровтың ісін мұқият қадағалап отырғанын және олар Франция үкіметіне жедел түрде толық консулдық қызмет көрсету туралы өтініш жібергенін мәлімдеді.

Ал 28 тамызда бірнеше БАҚ Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Парижде сотқа жеткізіліп, ғимарат сыртына арнайы қоршау қойылды деген ақпарат таратты.

Кейін сотта Павел Дуровты судья 5 миллион еуро кепілге босатқаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2158053-platformany-ozgertemiz-durov-qamauga-alyngannan-keiingi-algash-ret-malimdeme-zhasady/