Путин қорғанысқа шамамен 126 млрд доллар бөлді
Жарияланған күні:
Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс саласының бюджетін бекіп, Ресей бюджетінің үштен бір бөлігін осы салаға бөлді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
2025 жылға арналған бюджетте ұлттық қорғанысқа шамамен 126 млрд доллар (13,5 трлн рубль), яғни мемлекет шығынының 32,5 пайызы бөлінгені айтылған.
Осылайша, биылғы рекорд тағы 28 млрд долларға артты.
Ресей парламентінің қос палатасындағы депутаттар бюджетті мақұлдады.
Украинадағы соғыс – Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі әскери жанжал, деп жазды CNN. Үш жылға созылған соғыс екі елді де әлсіретіп, ресурстарын әбден сорды.
Ресейге қарағанда қаржысы мен адам ресурсы әлдеқайда аз Украина Батыстағы одақтастарынан миллиардтаған доллардың көмегін алып отыр. Германия дүйсенбі күні 650 млн еуроға жаңа әскери техника беретінін мәлімдеді.
"Германия Украинаның Еуропадағы ең сенімді одақтасы болып қала береді", - деп мәлімдеді канцлер Олаф Шольц.
Президент болып сайланған Дональд Трамп қызметке кіріскен уақытта Құрама Штаттардан қандай көмек болары әзірге белгісіз.
Ресейдің қару-жарағы, жауынгері көп, бірақ соғыс экономика мен халқына салмақ түсіріп отыр.
Кремль кейінгі екі жылда әскер шығынын әдеуір ұлғайтты. Ол экономикаға әсер етпей қоймады: инфляция өсті, компанияларға жұмыс күші жетіспей жатыр. Ресей ішінара мобилизация жариялаған соң, жүздеген мың ер азамат елден кетті.
Жақында Солтүстік Корея бір топ жауынгерін Ресейге көмектесуге жіберді. Украина президенті Владимир Зеленскийдің қарашадағы мәлімдемесіне қарағанда, Курскіде КХДР-дың 11 мыңға жуық сарбазы соғысып жүр.
Пхеньян Ресейге қару-жарақ та берген. Украин әскери шенеуніктері мен CNN есебі бойынша, биыл Украинаға ұшқан баллистикалық зымырандардың шамамен үштен бірін Солтүстік Корея шығарған.
КХДР жауынгерлері біраз уақыт Ресейге көмектеседі, бірақ материалдық шығынның орнын толтыру қиынға түседі, деп түйіндейді CNN телеарнасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2195225-putin-qorganysqa-shamamen-126-mlrd-dollar-boldi/