Шойгу: Ресейдің ядролық қалқаны ҰҚШҰ елдерін қорғайды
Жарияланған күні:
Ресейдің ядролық қалқаны, жаңартылған ядролық доктринаға сәйкес, ең әуелі ҰҚШҰ елдерін қорғайды. Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Астанада осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ақпарат агенттігінің мәліметінше, Шойгу қазір Астанада жүр. Ол жаңа ядролық доктрина туралы сауалға ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері мен қорғаныс министрлері кеңестерінің, қауіпсіздік кеңесі комитетінің бірлескен отырысына қатысып жүрген уақытта жауап берді.
"Біріншіден, ескі доктринада да біздің одақтастарымызға осындай қалқан болатыны туралы айтылғанын ескертемін. Анық жазылып, нақты белгіленген. Жаңа доктринаға келер болсақ, әлбетте, бірінші кезекте ҰҚШҰ елдері туралы айтылған. Жеке қосымшасы да. Өте маңызды осы қосымшаның Беларусьқа қатысы бар", - дейді Шойгу.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қарашада Ресей президенті Владимир Путин федерацияның ядролық тежеу саласына қатысты мемлекеттік саясатының негіздерін бекіткен. Құжатта әскери коалиция құрамындағы кез келген мемлекеттің Ресей одақтастарына қарсы агрессиясы осы коалицияның агрессиясы деп танылған.
Осының алдында, 17 қарашада АҚШ-тың Киевке америкалық ATACMS зымырандарымен Ресей аумағын атқылауға рұқсат бергені мәлім болған.
Жаңа ядролық доктрина күшіне енген соң Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков қандай жағдайда ядролық қару қолданылуы мүмкін екенін айтқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2193752-shoigu-reseiding-iadrolyq-qalqany-uqshu-elderin-qorgaidy/