"Қол қоюға тура келеді": Иран парламенті хиджаб туралы жаңа заң қабылдады
Жарияланған күні:

Иран парламенті бұған дейін елде ірі наразылық туғызған хиджаб туралы тәртіпті одан сайын қатайтатын заң қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Екі жыл бұрынғы заң елде жалпыұлттық наразылыққа ұласқанына қарамастан, жексенбі күні парламент хиджаб туралы жаңа заң қабылдады. Енді ол күшіне енуі үшін құжатқа президент қол қоюы керек.
Бұған дейін де елдегі дресс-код тәртібін сынап жүрген президент Масуд Пезешкиан заң жобасына қарсы пікір білдірді. Мемлекет басшысы осындай құжаттың қабылдануына қарсы шықса, елдегі ықпалды консерваторларға жақпай қалуы мүмкін.
Заң жобасына қол қою Иранда саяси рәсім болып қалған, себебі президенттің заң жобасына вето қоюға мүмкіндігі тым аз. Масуд Пезешкиан мұны дүйсенбіде Х әлеуметтік желісінде қалдырған жазбасында мойындады.
"Менің ойымша, хиджаб туралы заң мазмұны түсініксіз. Енді маған қол қоюға тура келеді. Бірақ біз қоғамда тепе-теңдікті бұзатын ешқандай әрекетке бармауымыз керек. Біз осы мәселе туралы айтып, пікір алмасуымыз керек", - деп жазды Иран президенті.
Заң әйелдердің ғана емес, ер азаматтардың да қалай киінуі керектігін реттейді. Әйелдер мойыннан бастап аяқтың тобыққа дейін жабық, бірақ тар емес киім киюге тиіс. Ер азаматтарға көкіректен төмен, тізеден жоғары ашық киім киюге тыйым салынады. Киімдердің иығы да ашық тұрмауға тиіс.
Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынады. Заңды бірнеше мәрте бұзғандар сотталады. Бұған қоса, көлік жүргізу, сапарлау, тіпті интернетке кіруді шектейді.
2022 жылдың аяғында 22 жастағы Махсы Әминидің иран полициясы қолынан қаза табуы елде жаппай наразылық тудырды. БҰҰ мәліметінше, билік жүйесінің наразылықты күшпен басуы кезінде 500-ден аса адам қаза болған.
Хиджаб туралы заң жобасын 2023 жылғы мамырда елдің бұрынғы президенті Ибрагим Раиси ұсынған.
Ал Масуд Пезешкиан президент сайлауы қарсаңында хиджаб киюге міндеттейтін тәртіпті, соның сақталуын қадағалайтын полицияны жоюға уәде берген.
Президенттің заңға вето қоюға шынайы құқығы жоқ. Ол парламент шешімдерінің бәрін мақұлдауға тиіс. Алайда Пезешкиан, халықтың сеніміне кіру үшін, заң жобасын кері қайтарып немесе қол қоюды кейінге қалдыра алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2196483-qol-qoiuga-tura-keledi-iran-parlamenti-hidzhab-turaly-zhanga-zang-qabyldady/